- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Неліктен тоңазытқыштың ішіне...
Неліктен тоңазытқыштың ішіне қар жиналады?
Кейде адамдар үйіндегі тоңазытқыштың артқы қабырғасына қар жиналғанын немесе мұз түзілгенін байқайды. Оған қоса, ол еріп, ең төменгі жәшіктің асты су болып жатуы мүмкін. Артқы қабырғадағы мұз бен қарды бірдеңемен ұрып түсіруге тырысудың қажеті жоқ, панельдің артында буландырғыш орналасқан. Оны зақымдап алсаңыз, оны жөндеу жұмысы қымбат тұрады. Тоңазытқыштың артқы қабырғасына неліктен мұз немесе қар жиналады?
Тоңазытқыштың артқы қабырғасында су тамшыларының болуы қалыпты нәрсе. Ал ол жерге қар жиналуының немесе мұздың пайда болуының бірнеше себебі болуы мүмкін.
1. Тоңазытқышта супер салқындату (Super cool) режимі қосулы тұр
Бұл режим тоңазытқыш бөлігін жылдам салқындатуға арналған. Мысалы, оны бөлме температурасындағы көп тамақты бір уақытта салғанда қолдануға болады. Бұл жағдайда тоңазытқыштың барлық салқындатқыш күші негізгі бөлікке кетеді. Әдетте, Super Cool режимі 24-48 сағат өткеннен кейін өздігінен сөнеді. Алайда кей тоңазытқыштарда оны өзіңіз сөндіруіңіз керек.
2. Тоңазытқышқа көп жылы өнім салынды
Жылы өнім көп болғандықтан камерадағы температура көтеріліп кетеді. Тоңазытқыш температураны түсіремін деп демалмай жұмыс істейді. Соның салдарынан, артқы қабырғада біртекті қар түзіледі.
3. Тоңазытқышта максималды режим қосулы тұр
Әдетте бөлме ысып кетсе, адамдар тоңазытқыш камерасының температурасын көтеру керек деп ойлайды. Алайда асүйде температура +30°С болса да, техника стандартты 4-5 градуста жұмыс істеп тұрады. Егер камерадағы температураны төмен етіп қойсаңыз, ал бөлмедегі температура жоғары болса, тоңазытқыш сирек демалып жұмыс істейді. Сондықтан артқы қабырғадағы мұз еріп үлгермейді де, бірінің үстіне бірі жинала береді.
4. Тоңазытқышқа ыстық тамақ салдыңыз
Нұсқама бойынша тоңазытқышқа бөлме температурасына дейін суымаған тамақты салуға болмайды, сондай-ақ сұйық өнімдердің аузын ашып салу ұсынылмайды. Себебі ыстық және сұйық өнімдерден ылғал белсенді буланады. Ал ол салқындау циклі кезінде мұзға айналады.
5. Тоңазытқыштың есігі дұрыс жабылмайды
Тоңазытқыш есігін дұрыс жаппаған болуыңыз мүмкін. Сондықтан тоңазытқыш камерасына жылы ауа кіріп кетеді. Техника температураны ретке келтіруге тырысады, мотор демалыссыз жұмыс істейді, нәтижесінде артқы қабырғаға қар түзіледі. Кейде тоңазытқыш есігіндегі резеңке жұқарған немесе жыртылған болса, ол дұрыс жабылмайды.
6. Тоңазытқыш ақаулары
Кейде тоңазытқышта ақау болса, оның ішіне қар немесе мұз жиналады. Оны маман тоңазытқышыңызға диагностика жасау арқылы анықтай алады. Мысалы, фреонның ағып кетуі, термостаттың бұзылуы, капиллярлық трубаның бітеліп қалуы, мотордың бұзылуы, тоңазытқыш есігінің резеңкесінің жұқаруы және т.б ақаулар болуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Тоңазытқыштағы жағымсыз иістен қалай арыламыз?
А. Жапатова