Бас ауруы ең шыдатпайтын ауырсынудың бірі. Ал таңертең ұйқыдан оянғанда бас ауырса, сабаққа немесе жұмысқа жиналу қиынға соғады. Мұндай кезде бас аурудың себебін іздеп әлек боламыз. Егер суық тимесе, кеше алкогольді сусын ішпеген болсаңыз бас не үшін ауырады? Massaget.kz тілшісі ықтимал себебін анықтап көрді.
Таңертең бастың ауыруының бірнеше себебі болуы мүмкін. Егер бас кейде ғана ауырса, бұл дабыл қағатын жайт емес, ал керісінше, күнделікті оянғанда басыңыз шыдатпай ауырып, әлсіздік сезінсеңіз мұның соңы ауыр салдарға әкеп соқтыруы мүмкін. Нақты себебін анықтау үшін маман кеңесін алу керек.
Жастық пен матрас ыңғайсыз
Дұрыс ұйықтау үшін жатқан орыныңыз ыңғайлы болуы шарт. Жастық пен матрастың материалына, ыңғайлылығына мән беріңіз. Мүмкін жастық немесе матрасты ауыстыру керек шығар?
Жатын бөлме ауасы қапырық
Ұйықтар алдында бөлменің ауасын тазартып, желдеткен абзал, өйткені ұйқының қанық, тыныш болуы үшін ауа таза болуы керек. Қай мезгілде болсын бөлме ауасын желдетіп тұру өте маңызды.
Сізде обструктивті ұйқы апноэ синдромы бар
Ұйқы кезінде тыныс алудың мезгіл-мезгіл тоқтап қалуына байланысты бас ауырады, салдарынан гипоксия пайда болып, бұл таңертең мигреньді қоздырады.
7 сағаттан аз ұйықтайсыз
Ересектер кем дегенде 7 сағат ұйықтауы керек. Егер таңертең басыңыздың ауырып тұрғанын байқасаңыз, ең алдымен жеткілікті мөлшерде ұйықтауға тырысып, тексеріп көріңіз.
8 сағаттан көп ұйықтайсыз
Егер алдыңғы түні ұйқыңыз қанбай, оны қандыру үшін бүгін көп ұйықтасаңыз - рұқсат етіледі. Алайда жүйелі түрде тым көп ұйықтайтын болсаңыз, төсектен тұра алмай, ұйқышылдықты сезінсеңіз, бұл мигреньге әкеп соқтыруы мүмкін.
Мойын тамырларының ауруы бар
Мойын немесе мойын омыртқасының тамырларын тексеру үшін дәрігерге көріну керек, өйткені кейде патология қан ағымының бұзылуына әкеп соқтырады.
Ұйықтап жатқанда тіс қайрайсыз
Бруксизм бет бұлшықеттерінің шамадан тыс жүктелуіне әкеледі. Темперомандибулярлық буынның бұзылуы таңертең бас ауруын тудырады. Бас ауруына қоса, тіс пен құлақтың ауырсынуын сезсеңіз, дереу дәрігерге бару керек.
Сізде параназальды синус ауруы бар
Мұрыннан су ағып, бітеліп қалса, адам тыныш ұйықтай алмайды, сондықтан таңертең бас ауырады. Бірақ кейде параназальды синустарда қабыну немесе полиптер болуы мүмкін. Бұл жағдайда түнде мұрынның шырышты қабаты ісініп, маңдай қатты ауырады.
Қан қысымыңыз жоғары
Қан қысымының жоғары екенін байқау қиын, дегенмен созылмалы гипертониямен ауыратын науқастардың айтуынша, егер қан қысымы түнде жоғарылап кетсе, таңертең бас ауырады.
Сізде гипникалық бас ауруы бар
Гипникалық цефалгия - түтіккен ауырсыну пароксизмальды түрде дамиды және адам кез келген уақытта оянып кетуі мүмкін. Мұндай ауру түріне көбінесе 50 жастан асқан адамдар шағымданады.
Айта кетейік, бұған дейін бас ауруын қалай емдеуге болатыны хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Адам кіші дәретке күніне неше рет бару керек?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!