- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- қант диабеті
Неліктен Қазақстанда балалар арасында қант диабеті көбейіп жатыр?
Қазақстанда 439 327 адам қант диабетімен есепте тұр. Оның ішінде 5132-сі балалар. Балалар арасында қант диабетіне шалдыққандар артып жатыр ма және оның себебі неде? Бұл сұрақтарға 11 Қалалық емханасының эндокринолог дәрігері Айжамал Есіркепова жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында эндокринолог Айжамал Есіркепова Қазақстанда балалар арасында қант диабеті көбейіп келе жатқанын растады.
"Балалар мен жасөспірімдер арасында қант диабетінің көбейіп жатқаны рас. Жас балаларда әдетте 1-типті диабет дамиды. Оны инсулинге тәуелді диабет деп те атаймыз. Оның себептері көп. Бірақ егер тұқымқуалаушылық бойынша қарасақ, егер бір ата-анасы қант диабетіне шалдыққан болса, баланың онымен ауырып қалу қаупі 2-3 пайыз ғана. Ал егер екі ата-анасы да бұл дертке шалдыққан болса, баланың онымен ауыру қаупі одан да көп болуы мүмкін. Әдетте бұл ауру әке жағынан тұқым қуалайды", - деді дәрігер.
Маман қазір көпшілік жасөспірімдер аз қозғалысты өмір салтын сақтайтынын айтты.
"Ал жасөспірімдерде жиі 2-типті диабет кездеседі. Қазіргі жасөспірімдерде физикалық белсенділік өте төмен. Балалар арасында семіздік көп. Мектепке медициналық тексерулерге барғанда және балалармен сөйлескенде байқайтынымыз, олар аз қозғалады және көмірсутекті тағамды көп жейді", - дейді Айжамал Есиркепова.
Сондай-ақ дәрігер балалардағы қант диабетінің белгілерін атады.
"Инсулинге тәуелді балаларда көбіне шөлдеу, жиі кіші дәретке бару, себепсіз салмақ тастау секілді белгілер байқалады. Ал 2-типті диабетте семіздікке қатысты проблемалар болады", - деп қорытындылады дәрігер.
Оқи отырыңыз: “Жасөспірімдердің сүйектері әлсіз“. Сүттен бас тарту несімен қауіпті?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова