Қазақстанда сталкинг бойынша 51 іс сотқа жолданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сталкинг туралы
Сталкинг - адамның еркінен тыс байланыс орнатуға тырысу немесе оны заңсыз қудалау. Қазақстанда мұндай әрекет үшін жауапкершілік қарастырылған.
Қылмыстық кодекстің 115-1-бабына сәйкес жаза ретінде 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.
Қанша адам жазаланды?
Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Самат Аисовтың сөзінше, сталкинг қылмыс ретінде енгізілген күннен бастап сотқа 51 іс жолданған. Соның ішінде 36 іс бойынша күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған:
- Осындай оқиғалардың бірі Батыс Қазақстан облысында тіркелді. Бұрынғы жұбайы әйелді қудалап келген: оған қайта-қайта қоңырау шалып, хабарламалар жазған, жаңа байланыс нөмірлерін тауып алған, тұрғылықты жеріне келіп, күш қолданамын деп қорқытқан. Әйел телефон нөмірін ауыстырып, оны бұғаттағаннан кейін де ер адам түрлі парақшалар мен нөмірлер арқылы жазып, еркінен тыс байланыс орнатуға тырысқан. Бөкейорда аудандық соты ер адамды кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.
- Астанада тағы бір ер адам сталкинг жасағаны үшін сот шешімімен кінәлі деп танылды. Қала тұрғыны жарты жыл бойы әйелді қудалап келген. Әйел қарым-қатынасты жалғастырудан бас тартып, мессенджерлерде бұғаттағанына және оған қорғау нұсқауы шығарылғанына қарамастан, ер адам оны мазалауын тоқтатпаған. Ол жәбірленушінің жұмыс орнына және тұрғылықты жеріне барып, сондай-ақ, оның келісімінсіз видеоға түсірген. Сот оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындап, моральдық зиянды өтеуді міндеттеді.
"Семейде 31 жастағы ер адам некеде бола тұра ұзақ уақыт бойы басқа бір қызды аңдып жүргені үшін жауапкершілікке тартылды", - деді Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Самат Аисов.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова