- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Негізсіз төлем алып,...
"Негізсіз төлем алып, тонап келеді". Сәтбаев қаласының тұрғындары жанайқайын жеткізді
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының тұрғындары жыл басынан бері тұрғын үйлерге кешенді қызмет көрсететін мекемеге негізсіз ақы төлеп келген. "Сүйікті Қала" БК ЖШС қала тұрғындарымен ешқандай келісімге келмеген. Компанияның атқарған бірде бір жұмысын көрмеген тұрғындар айына коммуналдық төлемге қоса 4700 теңгені еш себепсіз төлеген. "Жарық пен жылудың ақшасын әзер төлеп жүргенде кешенді қызмет жығылғанға жұдырық болды", - дейді тұрғындар. Қаланың 70 мың халқынан ай сайын негізсіз ақы алып отырған мекеменің қызметін облыс әкімі неге тоқтатпайды? Massaget.kz тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
Шолпан Аймағанбетова Сәтбаев қаласында 3 жылдан бері тұрып жатыр.
Фото: Massaget.kz \ Тұрғындардан
Екі баласы бар ана жыл басынан бері "Сүйікті Қала" БК ЖШС-не 4700 теңге төлеп келеді. Алайда ол кешенді қызмет көрсететін мекемемен арада ешқандай келісім болмағанын айтып отыр.
"Комуналдық төлем төлейтін қағазға пайдалану қызметтері деп айына 4700 теңге келіп тұрады. Жауапты мекемелер мұның не екенін түсіндірмеді. Бірінші айдыкін төлемесек келесі айда екі айдың ақшасы қосылып келіп тұрады. Өзім екі баламен декретте отырған анамын. 23 400 теңге жәрдемақы аламын. Онсыз да жарық пен жылуға 20 мың теңгеден асырып төлеп отырмыз. Оның үстіне кешенді қызмет деп қосып қойды. Осы мекеменің үйімізге келіп жертөледе жөндеу жұмыстарын жүргізгенін көрген жоқпыз. Басшысы түгіл жұмысшысын көрмедік. Негізсіз төлем алып, тонап келеді", - дейді қала тұрғыны Шолпан Аймағанбетова.
Фото: Massaget.kz \ Тұрғындардан
Ашық дереккөздерге сүйенсек, бұл компания техникалық нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес тұрғын үй қорын, инженерлік жүйелерді, тұрғын үй қорындағы жабдықтарды пайдалану жөніндегі қызметтерді атқарады. Яғни объектілерге кешенді қызмет көрсетеді. Алайда Сәтбаевтағы қалың бұқара ақысын төлегенімен тексерген түгі жоқ екенін айады.
"Халықты тірідей қинап отырған компания. Бұлар халықпен, яғни жеке үйлермен келісім шартқа келу керек. Ол үшін жиналыс хаттамасы, орындалған жұмыстар актісі, құжаттарды қабылдау-тапсыру актісі секілді құжаттар дайындалып, экспертиза өткізуі тиіс. Бұл жұмыстар қаржыны талап ететін болғандықтан компания жалған құжаттар жасап алған. Бұларға Сәтбаев қалалық тұрғын үй инспекция бөлімі жауапты. Олар жылыту маусымы тоқтаған кезде аталған мекемеге тапсырма беруі керек. Олар бүкіл үйлердің жертөлесін, ауласын аралап тексеріс жасауы керек. Тозығы жеткен дүниені ауыстыруы тиіс. Алайда барлығы қағаз жүзінде ғана атқарылып жатыр", - дейді Сәтбаев қаласының белсендісі Нұрболат Базарбекұлы.
Фото: Massaget.kz \ Тұрғындардан
Тұрғынның сөзіне сенсек тізбек былай: компания ешқандай тексеріссіз қағазды тұрғын үй инспекциясына өткізеді, олар қабылдап алып әкімге есебін тапсырады, ал облыс әкімі "жылыту маусымына дайынбыз" деп есеп береді.
Фото: Massaget.kz \ Тұрғындардан
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің баспасөз қызметіне хабарластық. Жауаптылардың жасырмай айтқан жауабына сенсек, Сәтбаев қаласы бойынша барлығы 610 көпқабатты тұрғын үй бар, оның ішінде 398 көпқабатты тұрғын үйге "Сүйікті Қала" БК ЖШС қызмет көрсетеді екен. Ал жауаптылар кешенді қызмет көрсететін компаниямен келісімшартты тұрғындардың өздері жасауға міндетті екенін айтады.
Фото: Massaget.kz \ Тұрғындардан
"Келісімшартты басқа да құжаттарды үйдің меңгерушісінен немесе өздері қарасты ЖКУ-дан ала алады. ҚР тұрғын үй қатынастары туралы Заңының 34 бабының 4 тармағына сәйкес, тұрғын емес үй-жайдың меншік иесі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған барлық шығыстарға қатысуға міндетті. 5 тармағына сәйкес пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдармен пәтерлерде, тұрғын емес үй-жайларда коммуналдық қызметтер көрсету туралы шарттарды өздері дербес жасасуға міндетті", - делінген хабарламада.
Тұрғындар бұл компаниямен келісім шарт жасаспаса, сәйкесінше кешенді қызмет көрсетілмейді. Ал мұндай жағдайда ай сайын не үшін 4700 теңге төлеуге тиіс?
Фото: Massaget.kz \ Тұрғындардан
Ал көппәтерлі тұрғын үйлерді күтіп ұстау бойынша эксплуатациондық қызмет көрсететін "Сүйікті Қала" БК ЖШС-нің құзіретіне:
- Жертөле ішіндегі ыстық су, мұздай су құбырларын ішінара аустыру;
- кәріз құбырларын тазалау;
- кіреберіс, үйдің жан-жағын тазалау;
- кіреберістегі электр қалқандарына ревизия жүргізу кіреді екен.
Фото: Massaget.kz. Сәтбаев қаласындағы көпқабатты үйдің жертөлесі
Қарамағында 235 қызметкер жұмыс істейтін компания басқа қызметтерін айтпағанда бірінші міндетін орындай алмай жатқан секілді. Себебі Сәтбаев қаласынан редакциямызға хабарласқан Жаншуақ Есқалиев есімді қала тұрғыны жертөледегі су белден келетінін айтып отыр.
Фото: Massaget.kz. Сәтбаев қаласының тұрғыны - Жаншуақ Есқалиев.
"Кәріз құбырының иісі үйлерге дейін шығып тұрады. Жертөледе жиналған су белден келеді. Құбырлардың барлығы дерлік шіріп кеткен. Жаз бойы осы мәселені айтып келеміз. Қыс басталмай жатып өңірде осындай жағдай. Су құбырының қай күні жарылары белгісіз. Жылу маусымына дайынбыз деп үйлерді қалай қабылдап алғанын білмейміз. "Сүйікті қала" деген мүлде жұмыс істемейді. Облыс әкімінің әмірі жүрмейді", - дейді қала тұрғыны Жаншуақ Есқалиев.
Фото: Massaget.kz \ Тұрғындардан
Осындай олқылықтарға қарамастан Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы жылу маусымына 100 пайыз дайынбыз деп есеп берген. Дегенмен кешенді қызмет көрсететін компания биыл 610 үйдің тек 20-сына ғана тексеріс жүргізіпті.
Фото: Massaget.kz \ Тұрғындардан
"Жылу энергиясын пайдалану қағидаларын бекіту туралы" қағидасының 33 тармағының 5 тармақшасына сәйкес әр жылыту маусымының алдында жылуды тұтынатын қондырғыларды қабылдау-тапсыру (техникалық дайындығы техникалық актіде қарастырылған техникалық) сынау және жылу тұтыну қондырғыларының жөндеуін өткізеді. Тұрғын үй инспекциясының ұсынған нұсқамасына сәйкес, биыл "Сүйікті Қала" БК ЖШС тарапынан нұсқамада көрсетілген 20 көп қабатты тұрғын үйге ағымдағы жөндеу жұмыстарын және 4 үй жертөлесіне күрделі жөндеу жұмыстарын өткізді", - дейді облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Фото: Massaget.kz \ Тұрғындардан. Жарылған құбырды бұқара өздері жөндеп келеді.
Бір жылда 600 үйдің тек 20-сына ғана қызмет көрсеткен компанияға қарашаның сенгісі жоқ. Себебі қақаған қыста тірлігі түгесілген компанияның кесірінен жылусыз қаламыз ба деп алаңдайды. Ал "Сүйікті Қала" БК ЖШС Сәтбаев қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді толық тексерістен өткізу үшін 30 жыл уақыт керек пе? Жұмысына салғырт қараған компаниямен өңір басшылары келісім шартты неге үзбейді?
Фото: Massaget.kz \ Тұрғындардан.
Жергілікті шенділердің тірлігінен шаршаған бұқара мәселеміз Президент аппаратына жетсе деп отыр. Президент Әкімшілігінің өзі осы мәселені шешуді әкімдікке тапсырған.
Фото: Ұлытау облысы әкімінің баспасөз қызметінен.
"Егер апат басқару тетігіне дейін болса, баланстық тиесілі шекараларын бөлу актісіне сәйкес бұл үшін жылумен жабдықтаушы ұйым жауапты болады, ал жертөледе жарылған жағдайда үйге қай мекеме (КСК немесе УК) қызмет көрсетеді сол жауапты", - деп жауап берді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі.
Фото: Massaget.kz \ Тұрғындардан.
Жауапқа сенсек, оқыс жағдай бола қалса облыс әкімі кінәні өз мойнына алмайтын секілді. Ал жертөлесі суға толып, құбырлары тозған үйдегі халық жергілікті билік "Сүйікті Қала" БК ЖШС-мен келісім шартты үзсе деп отыр. Сонымен қатар, мәселеге құзырлы орындар тікелей араласса деген ниетте.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов