233 мыңға жуық талапкер 2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырды. Оның ішінде 73,1 пайызға жуығы тестті қазақ тілінде, 26,8 пайызы орыс тілінде, 383 адам ағылшын тілінде тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі ұсынылған. Осылайша, 233 мың талапкер ҰБТ-ны 422 мың рет тапсырды (2025 жылы 210 мың талапкер ҰБТ-ны 381 мың рет тапсырған).
Тест қорытындысы бойынша 177 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады, бұл - қатысушылардың жалпы санының 76 пайызы. Бес пән бойынша ҰБТ-ның орташа балы - 69 балл. Ең жоғары 140 балды Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир және Қызылорда облысының түлегі Балхан Альфия (ҚАЗТЕСТ конвертациясы арқылы) жинаған.
821 адам 130 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Биыл апелляцияға 95 мыңнан аса өтініш қабылданып, 152 тест тапсырмасына қатысты өтініштер қанағаттандырылған. Осылайша республикалық комиссия жұмысын аяқтаған.
ҰБТ өткізу барысында ереже бұзылған 890 дерек анықталған. Соның ішінде 522 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтпек болғаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған. Тест кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан 361 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылған.
Кейбір талапкерлерден смарт сағат, микроқұлаққап, смартфон және басқа да тыйым салынған заттар табылған. Бейнежазбалар тексерілген соң ереже бұзған 7 адамның нәтижесі жойылған.
Айта кетейік, ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбалар талданады. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ереже бұзу дерегі анықталған жағдайда ҰБТ нәтижесі жойылады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!