- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Неге Тоқаев Си...
Неге Тоқаев Си Цзиньпинді ғана жеке күтіп алды? Сарапшы түсіндірді
Сарапшы Әділ Кәукенов Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға осы күндері келген мәртебелі қонақтардың ішінде неге Қытай төрағасы Си Цзиньпинді ғана жеке өзі қарсы алғанын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кәукенов Telegram-арнасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай басшысымен ғана жеке кездескенін еске салды. Қалған мемлекет басшыларын премьер-министр Олжас Бектенов, премьер-министрдің орынбасарлары Ғалымжан Қойшыбаев, Қанат Бозымбаев және Серік Жұманғарин қарсы алды. Алматыда сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерришті, ал цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Рас әл-Хайма әмірі және БАӘ Жоғарғы одақ кеңесінің мүшесі Сауд бин Сакр әл-Қасимиді қарсы алған еді.
"Президент Тоқаев Қытай басшысымен ғана кездесті, Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің басқа мемлекет басшыларынан айырмашылығы, ШЫҰ аясындағы жұмыс кездесуіне жай ғана келмей, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгенімен байланысты. Бұл жайтты түсінбейтіндердің басым бөлігі қастандық теорияларын құра бастады. Сонымен қатар, Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапар деңгейінде келуі бұл, әрине, қазақ-қытай қарым-қатынасының деңгейін көрсетеді", - деп жазды ол.
Еске салайық, Қытай Халық Республикасының төрағасы Қазақстанға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келді. Сейсенбі, 2 шілдеде екі ел басшылары достық кездесуін өткізді.
3 шілдеде Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің келіссөздері өтті. Нәтижесінде 30-дан аса құжатқа қол қойылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек