Танымал әнші Төреғали Төреәлі жақында неке қидырған Raim мен Ерке туралы пікір білдіріп, қолдау білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Instagram-парақшасында бөлісті.
Төреғали Төреәлі Еркемен бұрыннан таныс екенін айтып, оның мінезі, тәрбиесі туралы сөз қозғады.
"Еркені бір адамдай танитын адам болса ол мен шығармын. Екеуміздің дуэтіміз талайдың көзайымына айналды. Кейін жалғасын да түсірдік. Қанша концерттерде, тойларда, түсірілімдерде бірге жүрдік. Сапарларда қатар жүрдік. Қазақтың бір қызы осындай-ақ болсын. Бұл - енді менің өз ұстанымым. Өнері де, табысы да бір басына жетерлік болса да ер азаматқа дауыс көтеріп, жолын қиған кезін көрмеппін. Отбасы да, өскен ортасы да қазақы, тәрбиелі кісілер", - деп жазған әнші.
Өнерпаз жұптың жас ерекшелігіне қатысты ойын айтты.
"Ал енді қазіргі жастардың сүйіп тыңдайтын әншісі Райым бауырымыз туралы Ерке сияқты терең білмесем де, жақсы танимын, өнерін бағалаймын. Миллиондардың жүрегін жаулап, ол жерге тұрақты жол табуға талассыз талант пен қоса үлкен еңбек керек. Ал енді айтыңыздаршы, осы жұлдызды жұптың жүрек жарастығынан кімге қандай зиян? Еркенің жасы ма бар әңгіме, әрісі Пайғамбар ғ.с.м мен Хадиша анамыз берісі кешегі арғы-бергі тарихымызда бұған мысал өте көп", - деп жазған өнер иесі.
Төреғали Төреәлінің айтуынша, ол кей адамның ақ ниетпен, ақ некесін қидырған Raim мен Еркеге неге шүйліккенін түсінбеген.
"Кейде мәжбүрліктен, кейде шынайы махаббаттан, кейде әмеңгерлікпен мұндай жас айырмашылықтары бізде болып тұрған. Бұл жерде Алланың шариғаты, адамның табиғаты бұзылып жатқандай аттандаудың себебін көріп тұрған жоқпын. Қазір небір арсыздықтар мен адамның ауызы бармайтын азғындықтардың белең алып тұрған шағында азаматын тауып, етегінен ұстап, ақ ниетпен, ақ некесін қидыруға мешітте отырған екі әріптесімізге кей кісілердің неге шүйліккенін түсіне алмай далмын", - деп жазған әнші.
Өнерпаз жұпқа бақыт тілеп, тілекші екенін айтты.
"Ештеңе жоқ, су ағады, тас қалады. Адамдар тағдырын өзі жазса бұдан қиын шимай-қатпақ қылар еді, сондықтан Алланың жазған тағдырына мойын ұсынып, ақырының қайырын сол Жаратушының өзінен ғана тілеу керек. Рахат ақын айтқандай "бос сөйлейтіндер мен көп сөйлейтіндер, шешпейді біздің тағдырды". Райым, Ерке, лайым бақытты, ғұмырлы болыңдар. Мен сіздермен біргемін әрі әркез тілекшімін", - деп жазған ол.
Еске салайық, бұған дейін Ерке Есмахан мен Raim неке қидырғанын хабарлаған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!