Желіде қазақ тілді фильмдерге баруға шақыратын үндеулер пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Танымал блогер, қаржы кеңесшісі Дәулет Мұқаев Instagram-парақшасында "Аватар-2" фильмінің қазақ тіліндегі бір ғана сеансы барына шағымданды.
"Сұмдық! Тағы да тіл мәселесі. Қараңыздаршы, көптен күтіп жүрген "Аватар-2" фильмінің қазақ тіліндегі сеансына қойылған уақытты. Тек 14:30-да. 28 көрсетілімнің тек 1-і ғана Қазақша! Бұл фильм қазақ тіліне дубляждалады дегенде қуанып едім. Елдегі барлық кинотеатрда осы жағдай. Қош, орысша да болсын делік. Бірақ, біздегі 50-де 50 деген заң қайда? Неге жұмыс істемейді? Мысалы, мен жұмыстан кейін, бала-шағамның сабағынан кейін кешкі уақытта кинотеатрға барғым келеді делік. Бірақ менде неге өз елімде тым болмағанда таңдау жоқ? Неге мен қазақ бола тұра, орыс тіліндегі фильмге амалсыздан кіруім керек?
Оқырмандар, осы мәселеде де бейжай қалмайықшы. Ертеңнен бастап киноға барсақ, осыны талап етейікші. Тілге сұранысты арттыру - өзімізден! Орысқұлдарға бәрібір. Тәуелсіздік күні дейміз, бірақ әлі де орыс тіліне тәуелді болып тұрмыз", - деп жазған ол.
Бұған ұқсас үндеу Qazaqgrammar Instagram-парақшасында пайда болды. Жазбада мәселені шешу жолы да көрсетілген.
"Яғни мәселе мынадай: қазақша дубляжға көп жағдайда адам аз барады екен-міс. Кинотеатр - жекеменшік кәсіп болғандықтан, сеанстардың уақытын сұранысқа қарай қояды", - делінген жазбада.
Желі қолданушылар бұл ұсынысты қолдап, пікір қалдырған.
"Жартылай орысша сөйлейтін отандық комедияға қарағанда толықтай қазақша сөйлейтін шетелдік фильмге барған дұрыс", "Міндетті түрде қазақша дубляжға барамыз, әрине", "Дұрыс, солай болуы керек", "Қазақ дубляжінің мәртебесін көтеру керек. Бәрін аударып тастау керек", - деп жазған олар.
Еске салайық, бұған дейін модель Вероника Жанғалова "Черная Пантера" фильмнің қазақ тілді нұсқасына билет алып, кинотеатр әкімшілігі фильмнің орыс тілді нұсқасына кіргізгеніне шағымданғанын хабарлаған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!