- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Неге олай айтқанын...
"Неге олай айтқанын білмей кеттім". Бибігүл Төлегенова Қонаевпен қарым-қатынасы туралы айтты
Опера сахнасының аңызға айналған тұлғасы, ҚР Халық әртісі Бибігүл Төлегенова Динара Сәтжанға берген сұхбатында Дінмұхаммед Қонаевқа қатысты естелігін бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол Қонаевпен жиі шай ішіп, әңгімелескенін айтты.
"Дінмұхаммед Қонаевпен ол биліктен кетіп қалған кезде араластым. Әйелі қайтыс болған кез еді. Үйінде жалғыз тұратын. Басынан ауыр кезең өтіп жатты. Оның үйінде күзет болды. Сегізге дейін ғана келуге болатын. Одан кейін кіргізбейтін. Әбден іші пысқан болуы керек. Бірде маған қоңырау шалып, "Бибігүл, қызым сен бойдақтардың шайын ішкің келмейді ме?" деді. Дәл сол кезде концерттен енді келгенмін. "Уақытың болса, жарты сағатқа болса да кіріп шықшы" деп шақырды. Қызметте болғанда өте ұқыпты киінетін кісі еді. Бірақ ол үйінде қарапайым адам. Бірге отырып шай ішіп, көп әңгімелесетін едік. Шай ішіп отырған кезде маған "ешқашан ешкімді жамандама, ешкім туралы жаман сөз айтпа" деді. "Аға, ондай менің ойымда жоқ" дедім. "Сонда да есіңе салып жатқаным ғой. Айтсаң жақсы жағын айт, болмаса үндеме" дейтін. Олай неге айтқанын ақыры білмей кеттім", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы