Танымал кинопродюсер, актер Нұрлан Қоянбаев Түркістан облысы әкімінің креативті индустрияны дамыту бағыты бойынша штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалған болатын. Желі қолданушылары бұл жаңалықты қызу талқыға салып, түрлі пікір қалдырған. Енді актер әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, өзін сынағандарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол алдымен өмірбаянына тоқталып, бұған дейін атқарған қызметтері туралы жазған.
"Мен Қазақстан Республикасының азаматы Нұрлан Қоянбаев. Қызылорда облысы Шиелі ауданының тумасымын. №45 гимназия мектебін алтынға бітірдім. Қазақ Ұлттық Әл-Фараби университетінің тарих факультетінде білім алдым. Экономика және құқық академиясында финанс және кредит мамандығын бітірдім.
300 миллиондық аудиториясы бар, ең ірі жастардың ойынында, Мәскеу қаласында қазақтың әзілін төрге шығарған команданың капитаны болдым. (тек мықты мемлекеттердің ғана әзілі дамыған: АҚШ, Англия, Франция т.б) Телеарна саласында бағдарламамыз 9,3 рейтингімен рекордтық нәтиже көрсетті. Оны телеарна саласында қызмет атқаратындар, телевизия тарихындағы ең жоғарғы рейтингтерінің бірі екенін айтып бере алады.
Кино саласына келіп, ол саланың маманы болмасам да, Голливудтың дәуірін тоқтаттым. Мемлекеттік бюджеттен бір тиын алмай, жұмыс істеуге болатынын көрсеттік. Бұл үрдіс жас режиссерлерге серпін беріп, жол ашып, соңғы кездері жылына 120 ға жуық отандық фильмдер түсіріліп жүр. Яғни, жыл сайын Голливудтқа кететін 100 миллион долларға жуық ақша, енді елімізде қалуда. Ол дегеніміз 4-5 жылда 500 миллион доллар!
Мұның барлығы креативтің арқасында. Осы креативті ойларымды пайдаланып еліме қызмет еткім келеді.
Өнер иесі жаңа қызметінен ешқандай жалақы алмайтынын алға тартты. Сондай-ақ, ол елімізде өзге ұлт өкілі вице-министр болып тағайындалғанда назар аудармай, қазақ отанына қызмет еткісі келгенде шулағандарға ренішін білдірді.
"Облыс әкімдерімен кездесіп, көп ойларыммен бөлісіп жүрмін. Әзірге тек Түркістан облысы ғана креативті идеяларымды қолдады. Ешқандай айлықсыз және бюджеттен тыс.
Байқағаным, кейбір біршама журналистердің мақалаларында "Сайқымазақ", "Клоун" деген сияқты сөздер шығуда. Мен сайқымазақ емеспін, мен Қазақпын! Ешкімге керек емес, ешкім мән бермитін әзіл саласында 25 жыл еңбек етіп, 5 мың теңгелік айлықтан, 100 миллион долларлық индустрияны қалыптастырған креативті продюсерлерінің бірімін!
Мысалы, Қазақстан Республикасының ақпарат министрінің вице-министрі - Кочетов Евгений деген азамат тағайындалғанда ешкім шулап, резонанс тудырмады. Мен де Кочетов Евгений сияқты еліме қызмет жасағым келеді. Неге мен өз елімде тіпті, айлығы жоқ қызметке тұрғанда, ақталып, пост жазуым керек?!
Негізі, негатив жазатындар көп емес. Айтқым келгені, елімізді дамытамыз десек, позитивті, текті қазақтардың белсенділігі қажет. Әр жерде, әр салада, тіпті коммент жазуда да ұтылмайық!" - деп жазған ол.
Тағы да оқи отырыңыздар: Магистратураның емтиханы қашан өтеді?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!