- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Неге қоғамда Желтоқсан...
Неге қоғамда Желтоқсан оқиғасына қатысты үрей бар? Дос Көшіммен сұхбат
Жыл сайын Алматы студенттері 16 желтоқсанға дейін үйге ерте қайтуға мәжбүр екенін айтып, шағымданып жатады. Бұдан 36 жыл бұрын қанды көтеріліс ақтаңдақтарын еске алып, алаң алдында тағзым ететіндер аз. Неге билік әлі де бұл жағдайды мойындай алмайды? Неге қоғамда Желтоқсан оқиғасына қатысты үрей бар? Massaget.kz тілшісі бұл туралы қоғам қайраткері, белгілі саясаткер Дос Көшіммен сұхбаттасты.
"Бұл үрей емес, бұл - тәсіл"
Дос Көшімнің айтуынша, үкімет басындағылар бұл жағдайдан қорықпайды, керісінше, мұны бір тактика ретінде қолданып отыр.
"Бұл үрей емес, бұл - биліктергілердің бағыты, көзқарасы және одан шыққан тәсіл. Студенттерді қайтару үрей деп айтпас едім. Себебі билік Желтоқсанды әлі мойындай қойған жоқ, әлі халық алдына шығып ақталмады, сол қалында қалды. Сол кездегі номенклатура, мемлекет қызметкерлері, ректор, декандар сол лауазымда қалды. Олардың сондағы көзқарасы сол күйінше қалды. Өткендегі іс-қимылды қайталап жатыр. Мәселен, Желтоқсанда алаңға шықпасын деді ме, қазір де соны айтады", - дейді саясаткер.
"Бар болғаны 5 гүлшоғы келді"
Қоғам қайраткері оқу орындарының ректорлары мен лауазымды тұлғаларға не үшін көңілі толмайтынын айтты.
"Мен ректорлар мен басқарушы лауазымды адамдарға 17 желтоқсанда бәріміз алаңға барып, гүл қоямыз, құран бағыштаймыз дедім. Билік мұны қанша тоқтатқысы келді, бірақ қазір әкімшілік те, бәрі де барады ғой. Жазаға тартылғандар, көшеге шыққандардың дені студенттер болды. Алматыда 30-ға жуық оқу орны бар. Неге ректорлар студенттерді әкеліп, гүлшоқтарын қоймайды? 2005 жылы "Ұлт тағдыры" құрылғанда біз гүл қоюды дәстүр есебінде бастадық. Сол кезде бар болғаны 5 гүлшоғы келді. Олардың ішінде бірде бір оқу орнынан келмеді. Олардан тіпті ешкім келмеді, себебі бәрі жоғарыдан белгі күтіп отырды", - деді ол.
Дос Көшімнің айтуынша, биліктің бұл оқиғаға қатысты көзқарасы сол қалпында. Бұл билік түбегейлі өзгермей, ешнәрсенің басы ашылмайды.
© wikipedia.org
"Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы Дос Көшім бір сұхбатында Қайрат Рысқұлбековтың тілмашы болғанын, аударма кезінде қалай қиналғанын айтты.
"Мен 1986 жылы Каспийде қазақ тілінен сабақ беріп жүргенімде мені 200-ге жуық істі аударуға шақырды. Онда бармаймын деген болмайтын. Жоғарғы жақтан тапсырма келеді, барасың. Сөйтіп Қайрат Рысқұлбековтің ісін Прокуратурада отырып аудардым. Ол кезде оның түрін де көрмедім. Бір кезде Дубаев деген прокурордың адамы келіп, менің көзімше "мынау атылады, мына үшеуі 15 жылға сотталады" деді. Кейін сотына мені тілмаш ретінде шақырды. Мен бармаймын деп зар қақтым. Бірақ тыңдаған ешкім жоқ. Түгелбай деген қарақалпақ жігіт бар, Қайрат, Жамбыл Тайжұмаев пен Көпесбаевтың айтқандарын аударып отырдым. Сол кезде прокурор адамының айтқаны тура келді. Аудару қиын болды. Прокурор да, адвокат та қазақша білетін", - деді Дос Көшім.
Еске салайық, бұған дейін Желіде Алматы студенттерінің емтихан кестесі өзгеріп, 16 желтоқсанға дейін барлық сессия аяқталуы тиіс деген ақпарат тараған еді. Министрлік бұған қатысты пікір білдірді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек