Қазақстандық стендап-комик Нұрлан Сабуров концертінде русофобия құрбаны болғанын айтып, әзілдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Оның концертінде түсірілген видео әлеуметтік желілерде көп таралып жатыр.
Комиктің айтуынша, ол қазақ әрі Қазақстан азаматы бола тұра русофобия құрбаны болған. Ол бастапқыда концерттерге наразылар Украина туымен келгенін, ал кейін Қазақстан туымен келе бастағанын айтты.
"Сосын Әзербайжан, Грузия, Армения тулары. Концерт емес, Олимпиада дерсің. Үнемі бірдеңе деп айғайлап отырады. Неге осының бәрі қазақтың концертінде? Неге қырғыздың балық аулауы кезінде емес?" - деп әзілдеді комик.
Ескерту! Видеода бейәдеп сөздер айтылады.
Айта кетейік, степногорлық комик бұған дейін де өзін "русофобияның құрбаны" деп атаған. Сабуров зұлым адамдар тіпті анасына қауіп төндіріп, қоңырау шалғанын айтқан.
Бір сөзінде ол тіпті өз пікірін айтқан күннің өзінде Украина мен Ресей арасындағы соғыс шешіле кетпейтінін меңзеп, "Путин - Тамби емес қой" деп әзілдеген.
Көктемде АҚШ-тағы концерттерінің бірінде әзілкеш көрермендердің сынына ұшырады. Келушілер Сабуровтан Украинадағы жағдай туралы пікірін ашық айтуды талап еткен, бірақ комик сұрақтарға жауап бергісі келмеді және саясатқа қатысы жоғын айтқан. Кейін оның бұл ұстанымы әлеуметтік желілерде сыналды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!