- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Неге баланы 5...
Неге баланы 5 жаста мектепке бермеген дұрыс? Психолог кеңес берді
Баланы қай жаста мектепке беру керек? Бұл ата-аналарды жиі мазалайтын сұрақ. Ертерек берген дұрыс па, әлде баланың ерекшелігіне, дамуына назар аударған жөн бе? Мұндай жағдайда мамандар не дейді? Massaget.kz тілшісі психологпен сұхбаттасты.
Мамандар баланы 5 жасында мектепке беруді ұсынбайды. Олардың айтуынша, бұл жаста балалардың физикалық, интеллектуалдық және эмоционалдық даму деңгейі мектептің талаптарына сай келмеуі мүмкін.
Әдетте балаларды 6-7 жасында мектепке беру ұсынылады. Бірақ шешім қабылдағанда оның жеке ерекшеліктерін, дайындық деңгейін және әлеуметтік ортасын ескеру керек. Кейбір балалар бұл жаста да мектепке дайын болмауы мүмкін. Мұндай кезде баланы қинамай, оқуды бір жыл кейінге қалдыру қалыпты жағдай. Алайда мамандар баланың дамуына бала кезден назар аударуға кеңес береді, егер оның дамуы тежелсе, бірден мамандарға жүгінген дұрыс.
Психолог, ізгілік педагогика ұстазы Аяулым Бақытова бұл мәселеге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, балада "мен" деген түсінік қалыптаспайынша, мектепке бермеген дұрыс.
"Әдетте 7 жаста әлеуметтік тұрғыдан балада "Мен" деген түсінік қалыптасады. Бала "оқушы" сияқты жаңа позицияның мәнін түсіне бастайды. Кешегі ойын баласы мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап, өмірінде болатын үлкен өзгеріс, жаңа қоғамға ену, өзіне жаңа міндеттерді жүктеу, жаңа ортаға бейімделу, қарым-қатынаста болу, яғни жетілу сынды даму сатысында болады. Ендеше, бала психикасы да өзгеріп, ішкі эмоциялары қалыптаса бастайды, түрлі қызығушылықтары оянып, өзінің орнын бағалауға бейімделеді. Психологиялық тұрғыдағы даму көрсеткіштеріне тоқталатын болсақ: қабылдау қабілеті аналитикалық сипатқа ие болып, білуге құштарлығы зор болады; есте сақтаудың механикалық түрі іске қосылады; ойлаудың көрнекі-бейнелі түрі жетекші болады; сөйлеу тілі сипаттауға ыңғайланады; психикалық іс-әрекеттің ырықсыз қалыптарынан ырықты қалыптарына біртіндеп өте бастайды. Соған сәйкес, баланың оқуға деген мотивациясы мен қызығушылығы оянып, ниеті мен дағдысы қалыптаса бастайды; оқу әрекетіне белсенділігі артады; танымдық ой-өрісі арта жетіледі. Жалпы айтқанда, 7 жастағы бала дамып, оқуға толық дайын болады. Сол себепті осы жас - мектепке баруға нағыз қолайлы жас", - дейді маман.
Еске салайық, бұған дейін бұл сұраққа ұстаз Аятжан Ахметжанұлы жауап берген еді. Ол да баланы мектепке 6,5 жасқа толғаннан кейін беруге кеңес берді.
Баланың 1-сыныпқа дайын екенін 15 минутта қалай білуге болады? (тест)
Баланы 1-сыныпқа қабылдау үшін қандай құжаттар керек?
Қажетті құжаттар тізімі:
- Өтініш. Оны ата-ана немесе оларды алмастыратын тұлғалар жазады;
- Жеке басын растайтын құжат;
- "Бала денсаулығы паспорты" 026/у-3 нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат;
- 063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат;
- Баланың 3х4 см өлшеміндегі цифрлық фотосуреті.
Құжаттарды eGov порталы арқылы онлайн түрде немесе тікелей мектепке барып тапсыруға болады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек