Танымал әнші Қыдырәлі Болман Қазақстан Республикасы күні мерекесіне орай Павлодар қаласындағы түзету колониясында кездесу өткізді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жазасын өтеп жатқан түзету мекемесіндегі жігіттермен кездескен ол ән де, әңгіме де айтып берген екен. Бұл туралы әнші әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, кездесуден үзінді жариялады.
"Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді. Қателеспейтін пенде жоқ. Павлодар қаласы,
жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеп жүрген азаматтармен кездесуге шақырту алдым. Кездесудің мақсаты – Республика күні қарсаңында рухани әңгіме айтып, азаматтарымызды жігерлендіру", – деп жазды ол.
Әнші жазасын өтеп жатқан жігіттермен кездесуде не айтамын, әңгімені қалай бастаймын, не деп бітіремін деп қатты уайымдаған екен.
"Кездесуді неден бастаймын, қалай аяқтаймын?!"деген ойдың болғаны жасырын емес.
Әңгіме не туралы өрбиді?! Ұлттық мәдениетті дамыту жолдары – ол кісілер ұйып тыңдайтын әңгіме емес-ау. Идеология, не шоу-бизнеске қызығатындар да бірен-саран болар. Одан да жастық шақтан әңгіме айтайын деген ой келді. Өзімнің де шалыс басқан, қателескен кездерім баршылық. Қателерімді қалай түзегенім, небір "нокауттарға" түсіп, оңбай құласам да, қайта тұрып, алға жүріп, биікке ұмтылғанымды, биік мақсаттарға қалай жеткенімді, менің де тар жолға түсіп, тайғақ кешкенімді айттым. Қалай бар, солай, шынайы әңгіме неге айтпасқа?! Жаратқанға сансыз мадақ. Көңілім орнына түсті. Басшылары күтіп алды. Әңгімені басымнан өткен сынақтар, қиындықтар және қалай жеңгенім, тар жолдан қалай өткенім, тайғақты қалай кешкенімді айтып бердім. Өмірімдегі қиналған кез, ең қауіпті төбелес, қорқынышты оқиға, ең әсерлі жеңістерім де есімде қалыпты. Шынайы оқиғаға негізделген дүниелерді кино секілді айтып бердім", – деді ол.
Еске салайық, жақында Қыдырәлі Болман мен Қарақат Әбілдина Қазақстанда күміс тойын дүркіретіп тойлаған болатын.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!