Астанада жедел жәрдем фельдшері қайтыс болды. Ол тұрғын үйдің қасбеті мен кондиционер құлаған кезде зардап шеккен еді. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қайғылы жағдайға пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Денсаулық сақтау министрлігінің атынан және жеке өз атымнан кәсіби борышын атқару кезінде қаза тапқан жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. 8 қарашада кезекті қызметтік шақырту кезінде Астанадағы тұрғын үй кешенінде ғимараттың қаптамасының бір бөлігі құлады. Өзіне төнген қауіпке қарамастан, Ұлдана зардап шеккен екі адамға көмектесіп, олардың өмірін сақтап қалды", - деп жазды министр.
Марқұм небәрі 23 жаста болған.
"Бес жылын медицина саласына арнады, жақында ғана тұрмысқа шығып, болашаққа жоспарлар құрған еді. Бұл қаза - тек оның туыстары үшін емес, әріптестері және елорда тұрғындары үшін де үлкен қайғы", - деді министр.
Еске салайық, бұл жайт 8 қарашада болды. Бұған дейін оқиға салдарынан зардап шеккендер бар екені хабарланды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз