Түркия мен Сирия шекарасында болған жер сілкінісі әлемді дүр сілкіндірді. Соңғы деректер бойынша, екі елде жеті мыңнан аса адам қаза болған. Бірақ бұл Түркия тарихында да, әлем тарихында да болған алғашқы жер сілкінісі емес. Massaget.kz тілшісі дүние жүзі тарихындағы ең ірі 10 жер сілкінісі туралы баяндайды.
Эрзинджандағы жойқын жер сілкінісі салдарынан 32 968 адам қайтыс болған, 100 мыңға жуық адам түрлі жарақат алған. Табиғи апат 1939 жылы 27 желтоқсанда болған. 52 секунд бойы жер сілкінісі болған. Салдарынан Қара теңізде цунами болған.
116 720-ға жуық ғимарат қирап кеткен. Бастапқыда қаза тапқандар саны 8000 болған, келесі күні олардың саны 20 мыңға жеткен. Табиғи апат кезінде ауа температурасы -30 градусқа дейін жеткен. Адамдарды құтқару операциясы шұғыл жүргізілді. 5 қаңтарға қарай қаза тапқандар саны 33 мыңға жуықтады. Тұрғындар тек жер сілкінісі салдарынан емес, сондай-ақ ауа температурасының төмендеп кетуінен, қайғылы оқиға болған кездегі боран мен су тасқынынан да өліп кеткен.
Жер сілкінісінің салдары қатты болғаны соншалық, Эрзинджанның орналасқан аумағы толық жойылып, солтүстікке қарай жаңа елдімекен пайда болған. Эрзинджандағы жер сілкінісі XX ғасырдағы ең ірі 10 жер сілкінісінің тізіміне кірген.
Ұлы Канто жер сілкінісі 1923 жылы 1 қыркүйекте болған. Магнитудасы 8,3 баллға дейін жеткен. Табиғи апат салдарынан Токио мен Йокогама қаласын жойып жіберген.
Ресми дерек бойынша 142 мың адам қайтыс болған. Шамамен 542 мың адам жоғалып кеткен. Одан бөлек, 4 миллиондай адам зардап шеккен.
1948 жылы 5 қазанда Ашхабадта болған жер сілкінісі де тарихтағы ең ірі апаттың бірі. Түнгі сағат 01:12-де тұрғындар қалың ұйқыда жатқанда 9 баллдық зілзала болды. Небәрі 15-20 секундта жер сілкінісі салдарынан 160 мыңға жуық адам қайтыс болған. Қаладағы ғимарттардың 98 пайызы жермен жексен болған. Қаза тапқан тұрғындардың көбі ғимараттардың астында қалып қойған.
1970 жылы Перу тарихындағы ең жойқын жер сілкінісі болды. Магнитудасы көп болмағанымен, сол кезде болған сел мен су тасқыны салдарынан 100 мыңнан аса адам қайтыс болған. Тағы 3 миллион адам зардап шеккен.
ХХ ғасырдағы ең ірі жер сілкіністерінің бірі - Қытайдың Таншань қалашығындағы апат. Ол 1976 жылы 28 шілдеде болған. ҚХР ресми дерегі бойынша, 242 419 адам мерт болған.
Бірнеше афтершок болған. Алғашқысында ғимараттардың 90 пайызы жойылған. Табиғи апат түнгі уақытта, сағат 03:42-де болған.
1988 жылы Ереваннан 97 шақырым жерде орналасқан Спитак қаласы жер апаты салдарынан жер бетінен жоқ болып кетті. Артынан қала қайта қалыпқа келтірілген. Эпицентр Спитак қаласы болғанымен, оның жан-жағындағы қалаларда да 6-10 балл аралығында зілзала болған.
Қайғылы оқиғадан кейін 7 желтоқсан Арменияда ресми түрде жер сілкінісі құрбандарын еске алу күні болып саналады. Табиғи апат салдарынан 25 мың адам қайтыс болған.
Коджаэли провинциясындағы жер сілкінісі 1999 жылдың 17 тамызында болған. Ол тарихта Измит жер сілкінісі деп те қалған. 7,4 баллдық жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 03.02-де басталып, 45 секундқа созылған: 17 480 мың адам қайтыс болған. Кейбір деректерде қаза тапқандар саны 40 мың деген де деректер кездеседі.
Жерасты дүмпулері Мәрмәр теңізі, Анкара мен Измирде де сезілген. 150 мыңға жуық адам баспанасыз далада қалып, біраз уақыт контейнерде өмір сүруге мәжбүр болған. Себебі 244 383 ғимарат жоқ болып кеткен. Елге миллиард доллар шығын келтірілген. 1999 жылғы табиғи апат кезінде Түркияға ең бірінші болып көмектескен ел - Грекия. Елдің сыртқы істер министрі Түркиямен байланысып, жедел түрде министрлік өкілін жіберген.
2004 жылы 26 желтоқсанда Үнді мұхитында су асты жер сілкінісі болды. Қайғылы оқиға Суматра аралына жақын жерде болған. Магнитудасы 9,1-9,3 балл болған апаттан кейін цунами болған.
Фото: flickr.com
2011 жылы Жапонияда тағы бір жер сілкінісі болды. Салдарынан цунами де көтерілген. Оқиға Хонс аралының шығыс жағалауында болған. Цунами 10-30 минуттың аралығында жағалауды баса бастаған. 69 минуттан кейін жергілікті әуежай су астында қалған. Ресми деректер бойынша, 15 892 адам қайтыс болған. Жер сілкінісі салдарынан мемлекетке 16-25 триллион иен (бұрынғы бағам бойынша 198-309 миллиард доллар) шығын келтірілген.
Осыдан 13 жыл бұрын Гаитиде де жойқын жер сілкінісі болды. Оқиға күндіз 16:53-те болған. 7 балдық жер сілкінісі болғаннан кейін тағы бірнеше рет зілзала болған.
Ресми деректер бойынша, 22 570 адам қайтыс болған, 311 мың адам зардап шеккен. 5,6 миллиард теңге материалдық шығын келтірілген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!