“Не істеп отырсыздар сіздер?“ Жаңбыршин Үкімет мүшелеріне төтесінен сұрақ қойды

Мәжіліс отырысында депутат Еділ Жаңбыршин Үкімет неге Ұлттық қорға қол сала беретінін сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Не істеп отырсыздар?" Жаңбыршиннің сауалы

Депутаттың айтуынша, Президент 2029 жылы жалпы ішкі өнімді 450 миллиард АҚШ долларына жеткізуге, ұлттық қорды 100 миллиард АҚШ долларына жеткізуге міндет қойды.

"Өздеріңіз де айтып отырсыздар. Махамбет айтқандай, Ұлттық қордан "Қорамсаққа қол салды, қол салғанда мол салдық" деп қайта-қайта ақша аласыңдар. Шектеу болу керек деп өздерің де мойындап отырсыңдар. Самат Базарбайұлымен 2 пайыз шектеу қойғанбыз. Оны қолдаған жоқсыздар. Неге қолдамайсыздар?! Норвегияда 3-4 пайызға шектеп отыр ғой", - деді депутат.

Еділ Жаңбыршин квазимемлекеттік компанияларға қатысты мәселені көтерді.

"Квазимемлекеттік компаниялар 3 триллион дивиденд алады, таза табыс. Оның ішінде "Самұрық-Қазына" 1,9 триллион теңге, 1 триллионды қалғандары алады. Мұнда да "100 пайыз бюджетке аударсын" деп ұсыныс бердік. Сіздерге ақша жетпей жатыр ғой. Келіспедіңіздер. 70/30-ға түстік, одан 50/50-ге түстік. Оған да келіспей отырсыздар. Неге? Біз бюджетті толтырамын деп сондай ұсыныс береміз. Сіздер - Үкімет қарсы боласыздар", - дейді ол.

Депутат премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдан да жауап беруді сұрады.

"Склярға сұрақ: неше жыл болды, ауыл шаруашылығына, өндіріске жетекшілік етіп отырсыздар. Ешқандай өсім жоқ. Мұнай құлап бара жатыр. Ешқандай қайта өңдеу жоқ. Не істеп отырсыздар сіздер? Қалай бюджетті толтырасыздар? Қандай жоспарларыңыз бар? Осылай келесіздер. Депутаттарға жауапты бересіздер де, кетесіздер. Өсіп жатқан өнім, салық, ұлттық қор, ішкі өнім жоқ. Не жасап жүрсіздер? Соны айтыңызшы маған", - деді ол.

Байбазаров не деп ақталды?

Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров депутаттың сауалына жауап берді.

"Ұлттық қорға келетін болсақ, бюджеттік қағидалар бар ғой. Қазір екі қағида жұмыс істеп жатыр. Соның есебінен де бюджеттің шығынының өсуін едәуір азайттық. Қазір 8-9 пайыз деңгейінде. Ұлттық қорға қатысты шектеулерді пысықтап жатырмыз. Бір шешімге келеміз. Нысаналы трансферттер болашақта шектеледі деп ойлаймын. Ұлттық қордың сценарийлері бар. Мұнайдың бағасы, мұнайдың көлемі өсуі арқылы 2026 жылдан бастап тұрақталуы керек. Дивидендтерге келетін болсақ, биыл "Самұрық-Қазына" дивидендтердің сыртынан 1 триллионға жуық ақшаны экономикаға салды. "Бәйтерек" те солай. Бос ақшалары инвестицияларға бағытталды. Дивидендтерге қатысты мәселе талқыланып жатыр. Экономика өсіп жатыр. Биыл 10 айдың ішінде құрылыс саласы 10 пайыздан аса өсті, өңдеу өнеркәсібі жыл аяғына дейін 5 пайызға дейін өседі деп күтіліп отыр. Экономикада өсім тоқтаған жоқ. Өсім бар. Біздің мақсатымыз бойынша кем дегенде 5-6 пайыз өсуі керек", - деп жауап берді министр.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровты сынап тастағаны хабарланды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!