Биыл жазда көптен күткен The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалі өтеді! Аталмыш фестивальге әлемге танымал Fanfara Station музыкалық тобы келеді. Бұл топ Германия, Голландия, Португалия, Италия, Испания, Бельгия мен Кипрде бәрнеше концерт берген. Олардың аутентикалық атмосферадағы музыкасы тыңдарман ықыласына бөленген.
Биыл этникалық фестиваль Республика сарайының алдындағы Абай алаңында 10-11 маусымда ашық аспан астында өтеді. Осы орайда Мassaget.kz порталының тілшісі италиялық топпен тілдесті.
– Топтарыңыз қашан құрылды?
– Бұл туралы нақты айту қиын, себебі, біз 2013 жылы құрылғанымызбен, қазіргіше дыбысталуымыз, яғни, топ ретіндегі дәл өз мәнерімізді айқындауымыз 2018 жылға тұспа тұс келеді. Алдымен Марджук екеуміз болдық. Одан кейін біз Марконы шақырдық қасымызға. Оның келуімен тобымыздың шығармашылығы, туындыларымыз әлдеқайда толыққанды сипатқа ие болды. Сол себепті де жаңа дыбыстың туылған мерзімінен яғни 2018 жылдан бастап есептеп отырмыз.
© womex.com
– Музыкалық бағыттарыңыз қандай?
– Жақсы сұрақ, өйткені біздің өзіміз бұған қатысты дәл жауап бере алмаймыз. Біздің өзіміз үшін де бұл жаңа бағыт, негізімізге тунистік сазды алдық, бірақ оны түрлі бағыт әуендерімен әрлейміз. Топтың әр мүшесі өз тәжірибесін, өз болмысын, ерекшелігін, айдантитиін енгізу арқылы аутентикалық атмосфера туды. Мен Канадада тудым, бірақ АҚШ-та өстім, бала кезімнен африкалық, америкалықтардың музыкасына ғашық едім, мұнда да сол ритмдерді қостым, тунистік сазды орындаудан да 18 жылдық тәжірибем бар. Ал тобымызға үшінші боп қосылған Марконың өмір жолы джиджейлікпен байланысты, ол дэнс музыкасы мен электрон бағыттың маманы, продюсер.
– Яғни, толық микс?
– Иә, бірақ үнемі ориентирге алатын бағытымыз – тунис музыкасы. Марджук сізге ағылшын түсінбеген себепті жауап бере алмай отыр, француз, италиян, араб тілдерінде еркін сөйлейді. Жақында 28 жылдан кейін Италия азаматтығын алды.
– Музыкалық топ ретінде қай елдерді араладыңыздар, Қазақстанда бұрын соңды болдыңыздар ма?
– Бұған Марко жауап берсін...
– Еуропаны түгел аралып шықтық десек болады. Батыс Еуропа әсіресе. Германия, Голландия, Португалия, Италия, Испания. Бельгия мен Кипрде де болдық. Қазақстан біз үшін жаңалық болғалы тұр. Аталған жобадан шақырту алғанда картаны ашып қарап: "Не деген үлкен мемлекет, қалай ғана осыған дейін Қазақстан туралы естімегем" деп ойладым.
© womex.com
– Осындай этноға негізделген сазды әуенді қай елде ыстық ықыласпен қабылдайды екен?
– Кейбіреулер үшін біздікі этникалық, кейде халықаралық ретінде қабылданады. Ең қызығы біз Тунистің өзіне барғанда күн жылы болады екен дедік. Сөйтсек, қатты жаңбыр жауып, тоңып, концертті тоқтатамыз ба дегенде, халықтың саздан ләззат алғаны сонша, малмандай су болғанның өзінде таңнан кешке дейін үздіксіз билеген еді. Біз үшін бұл ғажап естелік боп қалады. Бұлай болады деп ойламаған едік. Португалияда электрон музыка фестиваліне барған едік, олардың ыстық ықыласы ерекше болды. Ол жердің транс бағытынан тым өзге болсақ та, өте жақсы қабылдады. Германияда өзге елдердей тек жастар болады екен дедік, бірақ жастармен қоса қарттар да көп болды. Таң қалдық. Олар өте жоғары бағалайды екен. Олар мұндай музыкаға аш екен.
- The Spirit of Tengri туралы естуіңіз бар ма?
- The Spirit of Tengri туралы бұрын басқа фетивальдерге барған музыкантардан көп естідік. Олар оның қаншалықты керемет жоба екенін айтатын. Өте позитив концерт екенін де, ол жерге әлемнің түкпір түкпірінен музыканттар ағылатынын да айтты. Сондықтан ыстық ықыласпен сапарымызды күтіп жүрміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Айта кетейік, The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестиваліне биыл 10 жыл толды. Осы уақыт ішінде ол Қазақстандағы ең танымал және адамдар асыға күтетін мәдени оқиғалардың біріне айналды. Сонымен қатар өзінің өзгермейтін құндылықтарын қалыптастырды.
Бірнеше жыл бойы фестиваль құндылықтарын Алматы қаласының әкімдігі қолдап келеді. Оның бас серіктестері – Magnum Cash & Carry және – Kaspi.kz. Қонақтарды Novotel City Center Almaty қарсы алады.
Батыр Қазыбаев (алдыңғы қатарда, ортада) музыканттар және фестиваль ұйымдастырушыларымен бірге
The Spirit of Tengri аясында халықтар мен мәдениеттердің бірігуі – фестивальдің негізін қалаушы Батыр Қазыбаевтың негізгі мақсаты еді. Өкінішке қарай, ол бір жыл бұрын өмірден өтті. Сондықтан ұйымдастырушылар бұл мерейтой фестивалін жобаның негізін қалаушы – Батыр Қазыбаевқа арнайды.