III Шуша ғаламдық медиафорумында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев AZAL әуе компаниясының ұшағына қатысты болған оқиғаға пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі АЗЕРТАДЖ агенттігіне сілтеме жасап.
"Өкінішке қарай, біз Ресейдің ресми өкілдерінен ешқандай жауап алған жоқпыз. Бұл оқиға болғанына жеті ай болды. Бізге бәрі түсінікті, не болғанын білеміз. Біз мұны дәлелдей аламыз. Ресейдің ресми тұлғалары да жағдайды жақсы біледі. Олар да нақты не болғанынан хабардар. Мәселе олардың көрші ел ретінде тиіс әрекет жасамауында. Біздің талабымыз - мүлдем орынды. Ол - кінәсін мойындау, ұшақты атып түсірген адамдарды жазалау және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына, сондай-ақ, AZAL компаниясына өтемақы төлеу", - деді Ильхам Әлиев.
Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында Баку-Грозный бағыты бойынша ұшып бара жатқан AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын.
Ұшақ бортында 67 адам болған, оның ішінде 5 экипаж мүшесі. Апат салдарынан 38 жолаушы қаза тауып, 29 адам аман қалған.
2024 жылғы 30 желтоқсанда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) бұл оқиғаны жан-жақты және бейтарап тергеуге шақырды.
4 ақпанда Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі әуе апатына қатысты алдын ала есеп жариялаған.
Бұған дейін хабарланғандай, Ақтау маңындағы әуе апатына байланысты қорытынды есеп биыл желтоқсанда дейін жарияланатын болады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек