Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов өмір бойына бас бостандығынан айырылған Владислав Челахтың апелляциялық шағымы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сенат кулуарында журналистер Шекара қызметінің директорынан 2012 жылы "Арқанкерген" бекетінде болған оқиғаға қатысты бар шындықты айтамын деген Челахтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдіруін сұрады.
"Бұл жерде пікір білдіру артық деп ойлаймын. Оқиға болған жылы қылмыстық іс қозғалды. Сол кезде жағдай толық анықталды деп ойлаймын. Оның не айтқысы келетінін білмеймін. Қылмыстық іс, тергеу толық көлемде жүргізілді. Мәлімдемелері болса, соған қарайық, әңгіме не туралы екен, өйткені қазір оның не айтатынын білмеймін", - деді Ерлан Алдажұманов.
Оның айтуынша, Шекара қызметінің ұстанымы тергеу ұстанымы мен сот қорытындысына сай келеді.
Еске салайық, бұған дейін бірқатар БАҚ Владислав Челах "Арқанкерген" бекетіндегі 15 адамның өліміне қатысты жағдайды түсіндіруге дайын екенін мәлімдегенін хабарлаған болатын. Челах 2012 жылғы мамырда "Арқанкерген" шекара бекетінде 14 қызметтесі мен бір орманшыны өлтірді деп айыпталған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!