- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Назарбаевтың тапсырысымен істі...
"Назарбаевтың тапсырысымен істі болдым". Бұрынғы генерал-майор Көпбаев шындықты айтты
Қорғаныс министрлігі кадр департаментінің экс-басшысы, бұрынғы генерал-майор Қайрат Көпбаев Adal Adam youtube-арнасында берген сұхбатында 2020 жылы Ербол Назарбаевтың тапсырысымен істі болғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, бұл жоғарыдан тапсырыспен жасалған.
"2020 жылы қаңтар айында "200 мың теңге пара алды" деп істі болғаным рас. Бұл құрастырылған, жоғарыдан тапсырыс түскеннен кейін жасалған іс. Антикордың сценарийімен жасалған дүние. Осыдан 30 жыл бұрын 1994 жылы Ақтөбе облысында Ембі қалашығында тергеуші болып қызмет атқардым. Сол әскери қызметті атқарып жүргенде Бекбауов Алмас деген азаматпен таныстым. Екеуміз дос болып кеттік. "Жатақханада тұрғаның дұрыс болмас" деп пәтеріндегі бір бөлмесін босатып берді. Сөйтіп 2-3 ай үйінде тұрдым. Бекбауовпен күнде кездеспесек те 30 жылдай араласып тұрдық. 2018 жылы генерал-майор шенін алғанымда Бекбауов Алмас бірінші құттықтаған еді. 2019 жылы Астанаға арнайы келіп, екеуміз кездестік. Кездесуіміздің соңында қолыма қағаз ұстатып, сержант туысқанының офицерлік лауазымға көтерілуге қол ұшын созуыма өтініш айтты. 2020 жылы қаңтарда тағы келіп, кездесемін деді. Сөйтсем, Ақтөбеде пара алмақ болған жерінен ол ұсталып, үсінен іс қозғалмақшы болады екен. Сонымен қорқытып, қысым көрсетіп, үркіткен. Ақтөбе облысының департаментінде ұстап, әбден қорқытып, келісімге келген. "Сен генерал Көпбаевтың досы екенсің, телефоныңда екеуің сөйлескен хабарламалар бар, сен бізге Көпбаевты ұстап беруге көмектес" дейді. Ол келісім береді. Сол 2020 жылы жолыққанымызда ол жазатын құрылғыларды тағып келген ғой. Кейін іс басталғанда әңгімемізді қарасам, ондай ештеңе айтылмаған. Тергеуші әр жерден құрастырып алған. Кездесу соңында далаға шықсақ, түтек боран екен. Мен көлігіме әкеліп, оған ұшаққа билет әпермекші болдым. Билет құны - 200 мың шамасында. Бірақ ол "билет алмай-ақ қой, қолма-қол ақша берші" деді. Сөйтіп танысыма өтініш айтып, оған ақша беруін өтіндім. Ал істе олар "бір жыл бұрынғы алған 200 мың теңгені кері қайтарып отыр" деген кінә тағып, қамап тастады. Бірақ бірде-бір дәлел жоқ, тек арызы ғана бар", - деді ол.
Сондай-ақ, ол бұл іске Ербол Назарбаевтың қандай қатысы бар екенін атап өтті.
"2018 жылы Алматыға іссапарға барғанымда Ербол Назарбаевтың сұрауы бойынша бір азаматты басшылыққа жұмысқа алуыма өтініш айтты. Күйбең тіршілікпен ұмытып кетіппін. Кейінірек білсем, ол жұмысқа қабылданбапты. Оған тікелей кінәлі мен болған екенмін. Содан маған өшіксе керек. Мен Ербол Назарбаевтың өзін көрмегенмін, ондай адам бар екенін білмеймін. Кейін тергеумен іс сотқа кеткеннен кейін ғана Ербол Назарбаев екенін білдім. Үйімді тінту үшін өзі арнайы топты бастап келген. Ал ол бұған дейін ешқандай тергеу амалдарына қатыспаған. Мен сондай "құрметке" ие болдым. Айта кетейін, Ербол Назарбаев - Болат Назарбаевтың баласы", -деді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы