- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Назарбаевтың тапсырмасымен орындаған...
"Назарбаевтың тапсырмасымен орындаған едім". Теңгенің шығуына ықпал еткен Ғалым Байназар жазықсыз түрмеге қамалғаны туралы айтты
Ұлттық валютаның шығуына ықпал еткен Ғалым Байназар "Алғашқы" бағдарламасында астыртын тапсырма беріліп, 18 күн түрмеге қамалғаны туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, Назарбаев өз атын жасау үшін тарихтан өшіргісі келген.
"Теңгені Назарбаевтың өзі шығарған деп, тарихта аты қалу керек болды. Бірақ оны біз жасадық, ал Назарбаев тек келісім берді. Сол кездегі Бас прокуратура Жармахан Тұяқбай болатын. Соған астыртын тапсырма беріп, мені түрмеге алдырды. "Жамбылдағы коммерциялық банкке 5 млрд рубльді заңсыз салды" деп айып тағылып, іс қозғады.
Өмірімдегі басты трагедия деп айтар едім. Себебі мені алдап, "куәгер боласыз" деп әкелді. Бір көзді камераға қамап қойды. Бір ғана кереует тұрды. Екі сағат бойы мең-зең болып, отыра алмадым. Аспан жерге түскендей, бүкіл жасаған еңбегім бос кетті. Тұтқындалған қылмыскер есебінде тұрмын ғой", - деді Ғалым Байназар.
Ғалым Байназар түрмеден шыққаннан кейін Назарбаев арнайы шақырған.
"Жамбыл коммерциялық банкіне ақшаны Назарбаевтың тапсырмасымен орындаған едім. Себебі сол кезде тіпті, жол шығынына берілетін қолма-қол валюта болмады. Тек Американың доллары еді. Оны тек Мәскеу биржасында сатты. Бірақ олар барлық республикаларға мұны бермеді. Алудың бір-ақ жолы - Жамбылдағы кішкентай банктің төрағасының олармен байланысы арқылы болды. Сол үшін берілген ақша еді. Сөйтіп, тергеуші "егер соны дәлелдейтін құжат болса, көрсетіңіз" деді. Сол туралы өткен жиынның хаттамасы бар еді. Соны алып, әйелім Әсия Сара Алпысқызына апарып берді. Ал ол Назарбаевқа жеткізді. Ертеңіне шықтым. Өйткені, бұл әрі қарай ұласса, Назарбаевқа және Премьер-министр мен олардың орынбасарларына кесірі тиетін болды.
Түрмеден шыққаннан кейін Назарбаев арнайы шақырды."Ақталды" деп барлық бұқаралық ақпарат құралдарынан береміз. Бірақ "сен прокуратураға қарсы моральдық шығын туралы іс қозғатпа" деді. Екеуара солай келістік. Себебі 50-ге жетпеген азаматпын, әрі қарай жұмыс істеп, кішкентай балаларымды асырау керек болды. Бірақ кері банк жүйесіне орала алмайтын болдым. Назарбаев "админстрацияма жұмысқа шақырамын" деді. Сонда жұмыс істедім. Бұдан басқа экономист болып та қызмет еттім", - деді ол.
Тағы да оқи отырыңыздар: Эпитафия деген не?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы