Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлттық музейдегі мүсінінің алынуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Енді Ұлттық музейден (Нұрсұлтан Назарбаевтың) ескерткіші алынғанын естімедім. Сіздерден естіп жатырмын. Біз пленарлық отырыста болдық. Жаңалықтарды әлі көрмедік. Енді ондай шешім қабылданса, Ұлттық музейдің басшылығының шешімі шығар деп ойлаймын. Сондықтан мұнда Ұлттық музейдің басшылығының бір ұстанымдарына сәйкес, ондағы экспозицияларды жаңартуға байланысты осындай шешім қабылданған шығар. Сондықтан бұл мәселеге байланысты сұрағыңызды Ұлттық музейге жолдасаңыз дұрыс болады", - деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Ұлттық музей Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсінінің алынғанын растады.
Еске салайық, бұған дейін Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші алынып тасталғаны хабарланған болатын.
Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінің аумағынан тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылы 80 жылдығына орай салтанатты түрде ашылған ескерткіші алынып тасталды. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болды.
Ұлттық қорғаныс университеті ескерткіш шынымен алынып тасталғанын растады және ол қоймада екенін хабарлады. Редакция журналисі ескерткіш алынып тасталғанына көз жеткізу үшін университет аумағына барған болатын. Алайда журналиске кіруге рұқсат берілмеген.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!