Назарбаевтың ШҚО-дағы бұрынғы резиденциясы қонақүйге айналады

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Шығыс Қазақстан облысындағы бұрынғы резиденциясы қонақүйге айналады. Бұл туралы өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Нұрымбет Сақтағанов халық арасында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың резиденциясы, кейін Даниал Ахметовтің үйі атанып кеткен ғимараттың болашағы туралы сауалға жауап берді. 2024 жылы бұл нысанды сатуға шешім қабылданған.

"Даниал Ахметов те, басқа әкімдер де бұл жерде тұрмаған. Бұл - президенттің резиденциясы. 2000 жылдары салынған, қазіргі жағдайы нашар. Мемлекет басшысы барлық резиденцияны заңнамаға сәйкес іске асыруды тапсырды. Сондықтан бұл нысанды сатылымға шығардық. Алайда оны ешкім cатып алғысы келмеді, себебі ғимаратқа өте үлкен көлемде инвестиция қажет. Мысалы жергілікті жердегі судың иісі бар, ал кәріз жүйесі мүлде жоқ болып шықты", - деді облыс әкімі.

Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, нысан алғашында сатылмай, кейін оның бағасын "голландиялық әдіспен" төмендеткен.

"Баға екі есе төмендеген кезде бір компания аукционға қатысып, резиденция үш жылға сенімгерлік басқаруға берілді. Олар ғимаратты ретке келтіруге міндетті", - деді ол.

ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі инвестор резиденция үшін 1 140 893 000 теңге ұсынғанын нақтылады. Өңір әкімінің айтуынша, инвестор  900 миллион теңге көлемінде инвестиция салуға тиіс. Қазір ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Кейін олар оны толық сатып ала алады", - деді әкім.

e-auction.gosreestr.kz

"Ғимарат қонақүй бола ма?" деген сауалға әкім былай деп жауап қатты:

"Иә, негізінен қонақүй форматында жұмыс істейді. Биыл туристік маусым басталғаннан кейін іске қосылады деп үміттенемін".

Руслан Базарбаев

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз