"ҚР Мемлекеттік күзет қызметі туралы ережені бекіту туралы" ҚР Президентінің Жарлығына өзгеріс енгізіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған Жарлық жобасында жазылған. Яғни енді Мемлекеттік күзет қызметінің (МКҚ) басты функциясы қатарынан ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті алынады.
"Міндеттері - Қазақстан Республикасы Президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету,
Қазақстан Республикасы Президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадір-қасиетіне және меншігіне қарсы бағытталған құқық бұзушылықты анықтау, алдын алу және жолын кесу,
күзетілетін объектілерде және күзетілетін адамдар болатын басқа да жерлерде олардың меншігін күзету, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету,
өз өкілеттігі шегінде терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын күзету мен рәсімдік және хаттамалық іс-шараларды орындауға қатысу", - делінген құжатта.
Құжатқа қосымша берілген түсіндірмеде МКҚ-ден Нұрсұлтан Назарбаевтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті "ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" ҚР Конституциялық заңының күші жойылуына байланысты алынып тасталып отырғаны көрсетілген.
Жарлық жобасы 14 маусымға дейін талқылауда болады. Артынша қол қою үшін Президентке жолданады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!