- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Назарбаевтың экс-құдасы “экс-президент“...
Назарбаевтың экс-құдасы “экс-президент“ статусын ала алмады
Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев экс-президент статусын ала алмады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Себебі парламент Ақаевтың өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.
Еске салайық, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы, Қырғызстанды 1991-2005 жылдары басқарған Асқар Ақаев ел депутаттарынан экс-президент статусын қайтаруды сұрады. Елдің қазіргі президенті Садыр Жапаров бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірген болатын.
Қырғызстанның Конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылым, сот-құқықтық мәселелер және регламент жөніндегі парламент комитетінің төрағасы Чолпон Сұлтанбекованың сөзінше, Ақаевтан хат оған 5 қыркүйек күні келіп түскен.
Ал Жогорку Кенештің спикері Нұрланбек Шәкиевтің атына 30 шілдеде келіп түскен. Депутат Ақаевқа экс-президент мәртебесін қайтару мәселесі күн тәртібіне еніп-енбейтінін және қашан талқыланатынын түсіндірді.
"Алдымен фракциялар, олардың жетекшілері және депутаттармен келіссөздер жүргізіледі. Осыдан кейін мәселені талқылауға шығаратын күнді жариялаймыз", – деп түсіндірген еді Сұлтанбекова.
Бұл ақпаратқа қатысты Қырғызстанның қазіргі президенті Садыр Жапаров пікір білдірді.
"Жалпы, әр азаматта өз құқықтарын қорғау немесе қандай да бір заңды талаптарды қалпына келтіру үшін мемлекеттік органдарға жүгіну құқығы бар. Бұл үшін біреумен келісудің немесе менің келісімімді алудың қажеті жоқ. Мен ол өз құқығын пайдаланып, өтініш берген деп түсіндім. Мұны парламент шешеді. Жогорку Кенеш келісе ме, жоқ па – ол парламенттің құзырындағы нәрсе. "Экс" статусынан айыру не айырмауды да парламент шешеді. Мен ештеңе дей алмаймын.
Яғни депутаттар шешеді. Ешкімге "былай істе" деп айта алмаймыз. Бұл өтініштің қаншалық заңды екені шешілсін. Заңды қадағалау – парламенттің жұмысы", – деді Жапаров KABAR-ға берген сұхбатында.
Айта кетейік, Асқар Ақаевтың ұлы Айдар Ақаев 1998 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға үйленген болатын. Ол кезде Әлия 18 жаста болған.
Қырғызстанның бұрынғы президентінің ұлы Айдар Ақаев 2020 жылы ақпанда 44 жасында Мәскеуде қайтыс болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина