Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Дәурен Абаев ЕАЭО-ға ортақ валюта енгізу туралы мәселенің күн тәртібінде тұрмағанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Ол бұл жөнінде Ақорданың Facebook желісіндегі ресми парақшасында жазды.
Онлайн-брифинг барысында "Қазинформ" АА журналистері ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс жөніндегі Мемлекеттік дума комитетінің төрағасы Леонид Слуцкийдің ЕАЭО-ға ортақ валюта енгізу туралы айтқан мәлімдемесіне қатысты Абаевқа сұрақ қойды.
"Бүгін ортақ есеп айырысу бірлігі мен ЕАЭО-ға ортақ валюта енгізу туралы мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Бұл мәселе интеграциялық бірлестік деңгейлерінің ешбірінде талқыланбайды", – деді Абаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Леонид Слуцкий Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ортақ валютасы евраз деп аталуы мүмкін деген болжам жасады.