- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Назарбаевтардың резиденциясы бар"....
"Назарбаевтардың резиденциясы бар". Жұманғарин Үшқоңыр кімдікі екеніне жауап берді
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Үшқоңыр тауы қоршалып тұрған аумаққа кіре алмаған еді. Кейін бұл мәселені депутаттар Мәжіліс деңгейінде көтерді. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин депутаттардың сауалына жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жауапта Қарасай ауданы прокуратурасының 2023 жылғы 9 ақпандағы жер заңнамасы талаптары бұзылғанын жою туралы ұсынысы Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаментіне енгізілгені айтылады.
"Прокуратураның жер заңнамасы талаптарының бұзушылықтарын жою туралы ұсынысында заңды тұлғаларға жер учаскелерін беру барысында атқарушы органдардың Жер кодексінің талаптарын бұзғаны хабарланған: "Дүние Агро" ЖШС-не (қазіргі "Steppe AgroMeat" ЖШС) алаңы 193,0 (кадастрлық нөмірі 03-047-152-007) және 3408 гектар (кадастрлық нөмірі 03-047-542-029), сондай-ақ, "Дүние Корпорациясы" ЖАҚ-на (қазіргі "QazAgroCentre" ЖШС) алаңы 5640,0 гектар (4549,35 гектар кадастрлық нөмірі 03-047-542-030, 1004,74 гектар кадастрлық нөмірі 03-047-152-008 және 85,95 гектар кадастрлық нөмірі 03-047-163-844) жер учаскелері", - деп жазылған жауапта.
Осы ретте департамент былтыр наурыз бен сәуірде Алматы облысының Қарасай аудандық сотына және Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жер учаскелерін сатып алу-сату келісімшарттарды заңсыз деп тану және оның күшін жою жөнінде үш талап-арыз жолдаған. Алайда "Дүние-Агро" ЖШС-не тиесілі көлемі 193,0 гектар жер учаскесіне берілген талап арыз Алматы облысының Қарасай аудандық сотының (2023 жылғы 27 қарашадағы №1952-23-00-2/360) шешімімен қанағаттандырылмаған.
Департамент бұл шешіммен келіспей, 2023 жылғы желтоқсанда Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым берген (20 ақпанда сағат 17:30-да қарау жоспарланған). Ал қалған екі талап-арыз қазір Алматы облысы Қарасай аудандық соты мен Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралып жатыр.
"Жамбыл ауданы прокуратурасының талабымен (2024 жылғы 12 қаңтардағы №2-0409-24-00112) Үшқоңыр үстіртінен жеке тұлғаларға жер учаскелерін беру қаншалық заңды екеніне, яғни қыратқа барар жолға қойылған шлагбаум орналасқан жер учаскесіне баға беру сұралды. Бүгінгі күні департамент тарапынан заңбұзушылықтарға қатысты Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің қызметінде жер заңдылықтарының сақталуына қатысты жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, министрлік сіздердің депутаттық сауалдарыңызда көрсетілген Үшқоңыр үстіртінде жалпы ауданы 13.597 гектар жерді мақсатсыз пайдаланып жатқан жер пайдаланушыларға қатысты заңнамалық тәртіпте шұғыл шаралар қабылдау жөнінде департаментке тиісті тапсырма берді", - деп жауап берген Жұманғарин.
Сондай-ақ, Үшқоңыр тауы "Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі" республикалық мемлекеттік мекемесінің аумағына кірмейтіні, оның шекарасы Шамалған өзенінің шығыс жағынан өтетіні айтылды.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысын Шамалған ауылындағы Үшқоңыр тауы қоршалып тұрған жерге кіре алмағаны хабарланды. Оның сөзінше, 15 мың гектар мемлекет жерін қарулы күзетшілер қоршап алған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Депутаттың сөзінше, тауды қарулы адамдар қоршап тастаған.
"Табиғаты керемет жер. Бұл жерде жолды жауып, қоршап тастаған. Қарулы адамдарды қойып тастаған. Ешкімді өткізбейді. Ел өздерінің жайылым жеріне бара алмай отыр. Мемлекеттік актілері барлар да кіре алмай отыр. Мен кіруім мүмкін, басқаларды кіргізбейді ғой. Мені де кіргізбеуі мүмкін. Бұл жақ - жеке мемлекет. Мен былай топшылап отырмын, бұл жерде Назарбаевтардың резиденциясы бар. Ол әрі орналасқан. Бірақ осы жолмен барады. Соған ешкімді жолатпау үшін қоршап тастаған", - дейді депутат.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова