Қазіргі таңда табысын аспаздықтан тауып жүрген ер-азаматтар бар. Солардың бірі - атыраулық Бағдат Қадыров. Оның бүгінде екі мейрамханасы мен ет сататын дүкені бар. Бағдат бұл кәсіп арқылы әлемді аралап, танымал адамдармен танысқан. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның әулетіне де ас дайындап, бірнеше телеарнада бағдарлама жүргізген. Сүйікті ісін кәсіпке айналдырған Бағдат Қадыров Massaget.kz тілшісіне аспаздық саласындағы жетістіктері мен соған жету жолындағы құпиясын бөлісті.
"Алғашқы тамағымды күйдіріп алдым"
Бағдат кішкентайынан танымал болуды армандаған. Алайда бала кезіндегі оқиға оның өзгеруіне әсер еткен.
"Мектептегі барлық іс-шараға қалмай қатысатынмын. Актер болғым келді. Бірақ 5-6-сыныпта мені ит қауып алды. Тура тамағымның астынан, күре тамырымның жанынан тістеп алғандықтан ота жасады. Қатты қорыққанымнан тұтығып бастадым. Сөйтіп, мектепте тұйық болдым. Көпшілік ортада жүруге, адамдар арасында сөйлеуге ұялатынмын. Себебі екі сөздің басын біріктіріп қосып, айта алмайтынмын. Қазір де кейбір әріптерге тұтығамын. Бұрынғыдай емес, 4-5 жылдықта әлеуметтік желіні қолға алғаннан бастап, "Алла қандай сынақ берсе де, соны көтеруге міндеттімін, ұялудың қажеті жоқ" деген ой келді", - деді ол.
Қарапайым отбасында дүниеге келген оның тамақ дайындауға деген ықыласы мектепте оқып жүргенде басталған.
"Бала күнімнен тамақ дайындауға жақын болдым. Анам - мұғалім, әкем - автомеханик болды. Үйде екі баламыз, ата-әжеміз, әкемнің бауырлары бар, үлкен әулет едік. Бала күнімде базарда гриль тауығын 800 теңгеден сататын. Соны алып жеу арманым еді. Бір күні анам кешкі ас дайындау үшін тауықтың аяғын шығарып кетті. Өзімше гриль тауығын пісіргім келді. Сөйтіп, қыздырылған пешке тауықты түрлі дәмдеуіштермен тұздап, духовкаға пісіріп көрдім. Бірақ байқамай күйдіріп аламын. Анам білім қоймасын деп жаңасын алып қойдым. Ал күйген тамағымды лақтырып тастадым да жаңасын әкеліп пісірдім. Солай тамақ пісіруге шабытым ашылып кетті", - деді Бағдат.
"Бала күнгі арманым орындалды"
Бағдат аспаздық саладағы мансабын телеарнадағы таңғы бағдарламада ас дайындаумен жалғастырған.
"Ең алғашқы ұсыныс 2011 жылы Айгерім Есенәлі жүргізген "Хабар" арнасының "Іске сәт" таңғы бағдарламасынан түсті. 5-10 минут ас дайындауға қазақша сөйлейтін жақсы аспаз іздеді. Ол кезде мен мейрамханада жұмыс істейтінмін. Телеарна өтінішімен басшылық мені сол бағдарламаға жіберген еді. Себебі қасымдағылардың бәрі басқа ұлттар, жалғыз қазақпын. Бағдарлама жүргізген бала кездегі армандарымның біріне қадам басқандай болдым. Сөйтіп, сол бағдарламаның бір маусымына түстім. Теледидардан күнде таңертең көрсететін. Ата-анамның мені теледидардан көруі үлкен мақтаныш еді. Кейін "Қазақстан" ұлттық арнасы, "1 арна Еуразия", "Хит тв" арнасындағы "Жүрек жалғайық", "Хабар" арнасында "Сиқиырлы ас үй" бағдарламаларында жүргізуші болдым. Біраз өнер адамдарымен де осы кулинариялық шоу-бағдарламаларда таныстым. Солай танымал жандармен жақсы араласып кеттім. Бала кезімдегі арманымды Алла осы жол арқылы орындады", - деді ол.
Осы бағдарламадан соң ол бірнеше танымал адамдармен танысып, жеке брендке жұмыс істеуді қолға алады.
"Алматыда жүрген кезде Қуаныш Шонбайдың көмекшілерімен танысып қалдым. Қуаныш ағаның інісі Дархан Шонбай мықты ресторатор болды. Жұмысыма деген шынайы махаббатымды көріп, біраз ақыл-кеңес айтты. Кейін Қуаныш ағамен де таныстым. "Атың бар, түріңді ел таниды, мұны халыққа әлеуметтік желі арқылы таныстыру керек" деді. Сөйтіп, видео түсіріп, әлеуметтік желіде контент жасап бастадым. Қазір 350 мың оқырманым бар", - деді аспаз.
"Назарбаевтар әулетінің аспазы болдым"
2013-2015 жылдары Алматыда жұмыс істеген кезде Бағдат экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен танысқан.
"Алматыдағы ірі сауда орталығының екінші нүктесі ашылды. Сондағы үлкен мейрамханалардың бірінде жұмыс істеп жүрдім. Орталықтың ресми ашылуына экс-президент Н.Назарбаев сол кездегі Алматының әкімі Ахметжан Есімовпен бірге келген еді. Сонда ас әзірлеп, ұсынғанбыз. Үстімдегі формамның төс қалтасында Қазақстанның туы бейнеленген. Экс-президент соған қарап, "нағыз Қазақстанның патриоты екенсің" деді. Одан кейін Назарбаевтар әулетінің біраз адамдарына жеке шақыртумен жабық кештерге ас дайындадым. Марқұм Болат Назарбаевтың үйінде де болдым. Сол кісілердің біраз қуанышты дастарханында болып, ас дайындау маған бұйырды", - деді ол.
Оның ұраны - дәмді тағам пісіріп, халықтың шын ықыласы мен алғысына бөлену.
"Дайындаған асыма адамдар алғыс айтып, шынайы ықыласын білдірсе мен үшін ең үлкен баға сол. UFC чемпионы Хабиб Нұрмагомедов те керемет баға беріп кеткен. Жекпе-жек шеберіне шұбаттан балмұздақ жасап бергенмін. "Әлемнің қанша жерінде болдым, Италиядағы Мишлен жұлдызын алған балмұздақ дайындайтын мейрамханада болдым. Сондағы балмұздақтан сенікі ерекше болып тұр. Түйенің сүтінен дайындау деген миға сыймайтын дүние. Нағыз өз ісіңнің маманы екенсің" деген бағасы мен үшін зор мәртебе", - деді аспаз.
"Қонақ келгенде тамақ дайындаймын"
Бағдаттың қазіргі таңда достарымен бірігіп ашқан екі мейрамханасы және ет дүкені бар.
"Бұл саламен айналысуыма ата-анам тарапынан ешқандай қарсылық болмады. Керісінше, олар осы мамандыққа түсуіме себепші болды. "Аспаздықты оқып көрсең қайтеді, Атырауда бәрі мұнайшы ғой" деп айтты. Өзімнің де жүрегім осыны қалады. Біздің жақта 2018-2019 жылдары ер адам аспаз болу "біртүрлі" саналатын. Замандастарым мені мазақтап, "басқа мамандық таппадың ба?" дегенді жиі айтатын. Қазір Алланың қалауымен олар жеткен жетістігіме мәз болып, бұрынғы айтқан ойларын өзгерте бастады", - деді ол.
Оның айтуынша, үйде қонақ келгенде ғана ас дайындайды.
"Осы мамандықты дамытып, білім алу мақсатында бірнеше мемлекетте болдым. Кез келген салада тәжірибе алмасуды ешқашан тоқтатпау керек. Мен де өз саламның біріншісі болғым келді. Қарапайым палау, манты, кәуаппен ешкімді таңғалдыра алмайсыз. Сол үшін де басқа елдің тағамдарын әкеліп көрсеткім келді. Негізі үйде тамақ пісірмеймін. Тек қонақ келген кезде ғана дайындаймын", - деді Бағдат.
"15 мемлекеттен 700 аспаз қатысты"
Оның айтуынша, қазір Еуропаға Мишлен мейрамханаларына барып, тәжірибеден өтуге дайындалып жүр.
"Бұған дейін Түркия, Ресей, Украина мемлекеттерінде болдым. Маған Украинаның Киев қаласы ұнады. Олар Еуропаға жақын болған соң асханалары өте жақсы дамыған. Сол жақта молекулярлы асхана деген бар. 2015 жылы Еуропадан Украинаға келген еді. Ал Қазақстанға осы 1-2 жылдықта келді. Қазіргі бумен, отпен шоу көрсету соның бастауы", - деді аспаз.
Бағдат 2023 жылы Түркияда өткен аспаздар арасындағы фестивальге қатысқан.
"Ақтаудағы аспаз әпкем ұсыныс тастап, осы фестиваль туралы білдім. Іріктеу онлайн болды. 15 мемлекеттен 700 қатысушы болды. Келушілер әр түрлі номинациялар, ет, балық, торт, кондитерлік өнімдер, нан, бармен номинцаиялары бойынша қатысты. Мен балық пен қойдың етінен тағам дайындау номинациясына қатыстым. Фестиваль 3 күнге созылды. Мен соңғы күні шықтым. Қатты уайымдадым. Дайындаған асты әділқазыларға ұсынған кезде олар шынайы эмоция білдіріп, ұнағанын айтты. Сол сәт бүкіл қиындықты, шаршағанымды ұмыттырып жіберді. Қорытынды бойынша, балықтан тағам пісіру бойынша бірінші орын, ет пісіруден екінші орын алдым", - деді ол.
"Анам ауырып қалды"
Бағдат қазіргі кәсібін достарымен бірігіп ашқан.
"Кәсіпті жалғыз бастамадым. Бұған дейін бірнеше кісілерден ұсыныс түсті. Олармен бірігіп жұмыс істедім, бірнешеуіне алдандым. Келіскен ақшасын бермей қойғандар болды. Карантин уақыты басталғанда анам ауырып, соның қасында болғым келді. Сөйтіп, туған жерім Атырауға қайтып келдім. Анамды емдетемін деп жүргенде Атыраудағы достарымнан ұсыныс түсті. "Бағдат, мықты экспертсің, бірігіп жұмыс істейік, қаржылық жағынан көмектесеміз" деді. Осылайша, авторлық тағамдары бар шағын 60 адамдық мейрамхана аштық. Бірден адам лық толды. Біз ондайды күтпеген едік. Кейбірі "ашсаңдар, дұрыс ашпайсыңдар ма" деп ренжіді. Сол уақытта жұмыстың бәрін өзім жасап жүрдім. 2-3 көмекшім ғана болды. 24 сағат жұмыс істейтін едім. Қазіргі таңда 15-20 млнмен басталған кәсіп осылай көркейіп кетті. Жарты жылдан соң үлкен етіп аштық", - деді ол.
Ол Алматы мен Астанадан мейрамхана ашқысы келетінін айты.
"Қазіргі таңда жоғарыда атап өткен кәсібімізден бөлек 1000 шаршы метрлік мейрамханамыз бар. Сондай-ақ, ет дүкеніміз бар. Көпшілігі "мейрамхананы неге басқа қаладан ашпайсың?" деп ұсыныс айтып жатыр. Біріншіден, бұл кәсібімізді дөңгелендіріп алғымыз келеді. Сағат тілі сияқты жұмыс істегенше, әлі шыңдалуымыз керек. Екіншіден, франшиза ашу үшін мейрамхана нарықта 5 жыл жұмыс істеу керек. Біз 2021 жылы ашылдық. Алла қаласа, ет дүкенінің екінші филиалын ашамыз. Содан кейін мейрамхананы Алматы мен Астанадан ашу жоспарда бар", - деді аспаз.
"800 мың теңгелік жұмыстан бас тарттым"
Бағдаттың айтуынша, кез келген аспаз өз жолын ет дайындаудан бастау керек.
"Себебі аспаз етті танып, білгені жөн. Қазіргі таңда біраз аспаздар бір мейрамханға барып, сол жердің мәзірін жаттап алады. Ал сол тағамдар қай еттен жасалады, оның орнына не қолданса болады - соны білмейді. 15-16 жасымда аспаз боп бастаған кезімде 2 жыл ет цехында жасадым. Кейін 1 жыл кәуапшы болдым. Ет дайындауға деген ықыласым өте мықты. Маңызды қонақтарға ет тағамдарының неше түрін жасап бере аламын. Себебі қазір сірне, қуырдақ, дымлямамен ешкімді таңғалдыра алмайсың", - деді ол.
Кәсіпкер болашақ аспаз болам деушілерге бірнеше ақыл-кеңесін ұсынды.
"Аспаз болам деушілер көп, бірақ болмай қалып жатыр. Көпшілігі тез байып кеткісі келеді. Ол оңай нәрсе емес. Ең алғашқы жұмысымда 47 мың теңге алғанмын. 6 күн жұмыс, 1 күн демалыс болды. Түскі 2-ден таңғы 5-ке дейін жұмыс істейтінмін. Сөйтіп, екі жыл осы жалақыға жұмыс істедім. Ол кезде 70-100 мың алып жатқан аспаздар маған "сенің жасың кіші, студентсің" дейтін. Өзім де жоғарылатуды талап етпеппін. Аспаз болам деушілерге айтарым, ақша дей бермеу керек. Мықты эксперт екенін көрсете білсе, жұмыс оны іздейді. Мәселен, соңғы жұмыс істеген жерім Орал қаласында болды. 800 мың теңге жалақы алатынмын, қонақ үйде тұрдым, қызметтік көлігім де болды. Соның бәрінен бас тартып, туған жеріме келіп, өз кәсібімді ашуды жөн санадым. Қазір, шүкір табысым одан да еселенді. Табысымды ата-анамды қуантуға жұмсаймын. Себебі осы жетістігім бірінші Алланы, екінші сол кісілердің арқасы. Одан кейін бірнеше пайызын ай сайын қайырымдылыққа жұмсаймын. Әр мейрам сайын қарттар мен балалар үйіне барып, демеуші боламын", - деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!