"Барбершоп" – ерлер шаш қиятын, сақал-мұртын сәнге келтіретін салон. Елімізде мұндай салондар жыл өткен сайын көбейіп, трендке айналып келеді. Барбер Салауат Жұмабаевтың 12 жылдан астам тәжірибесі бар. Бүгінде 3 салоны бар барбер қарапайым адамдардан бастап шоу-бизнес өкілдеріне де қызмет көрсетеді. Тіпті, кәсібилігінің арқасында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев жеке шаштаразы болуға ұсыныс алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазақи салон ашуды армандадым"
Салауат - бұрынғы Жайдарман ойыншысы. Ерлер күтіміне өзі қызығушылық танытып, осы салада білім алған.
"Алдымен шаш әрлеуден қызығып бастадым. 2012 жылдан бері Оралда шаш әрлеу бойынша жұмыс істеп бастадым. Білімімді арттырып, тәжірибе жинап, 2017 жылы Орал қаласынан жеке салон аштым. Атауын "Jigit sultany" деп қойдық. Себебі барбер-шоптың сол кездегі атауының бәрі орысша еді, әрі қызмет ететіндер де басқа ұлт өкілдері болатын. Салоннан шыққан кезде қазақтардың көңіл-күйі түсіп шығып келе жатқанын көретінмін. Басқа ұлт өкілі болғандықтан, өздеріне ыңғайлы форманы түсіндіре алмайды. "Неге ерлерге арналған қазақи салон ашпасқа" деп ойладым. Сөйтіп, "Жігіт сұлтаны" деген атауды қысқартып, "JS barbershop" деп атадық", - деді ол.
Кейін осы салаға қызығушылық білдірген 100-ден аса жігітті оқытып, білім берген.
"Олардың көпшілігі қазір жақсы жерде жұмыс істеп жатыр. Бұл салада қазақи ортаны дамытамыз деген мақсаттың орындалғанына қуанамын. Кейін Жайдарман ойындарына қатыстым. Сол жақта да Есен Елеукен ағадан бастап, бірнеше ойыншының стилін арттырып, Жайдарман ойыншыларының шашын әрлеп, стильдерінің өзгеруіне көмектесе бастадық", - деді ол.
"Әншілер арасында танымал бола бастадық"
Оның айтуынша, барбершоп тек қана ерлерге арналған ыңғайлы орта десек болады.
"Мұнда олар еркін ойын жеткізіп, футбол, аңшылық туралы еркін әңгіме айтады. Мәселен, шаштаразға барса, әйелдер жүреді, ыңғайсыз болады. "Барбершоптың" өз атмосферасы болу маңызды. Мысалы, бұл жай ғана салон емес, эстетикалық демалыс сыйлайтын орынға айналу керек. Қонақтарға шай, кофе ұсынылады, демалады, шаш пен сақалды әдемі қиып, "барбермен" түрлі тақырыпта әңгімелесе алады.
Кейін Орал қаласындағы филиалымыздан бөлек 2019 жылы Алматыда ашылдық. Қазіргі таңда қала бойынша 3 филиалымыз бар", - деді ол.
Кейін салонды ашқаннан соң Салауат шоу-бизнес өкілдерімен жұмыс істей бастаған.
"Салонды ашқаннан кейін әлеуметтік желіде атымызды қалыптастырып, жұмыстарымызды сала бастадық. Алдымен блогерлер қызығып бастады. Димаш Құдайбергеновтің бір концертіне Қытайға шашын әрлеп жібердік. Солай шоу-бизнес өкілдері арасында жақсы таныла бастадық. Әнші Төреғали Төреәлінің админстраторы хабарласып, "бейнебаян түсіреміз, келе аласыздар ма" деп ұсыныс айтты. Біз барып, шаш әрлеп, көмектестік. Кейін шоу-бизнес өкілдері бір-бірінен естіп келе бастады", - деді ол.
"Экс-президенттен ұсыныс түсті"
Әлеуметтік желідегі жұмыстарын көрген соң оған Ақордадан ұсыныс түскен.
"2016 жылы Ақорда тарапынан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақты шаштаразы болуға ұсыныс түсті. Алдымен 3 ай сынақ мерзімі болатынын айтты. "3 ай бойы Ақордадағы министрлердің шашын аласыз, кейін Елбасының жеке мастері боласыз" деді. Сосын көптеген тексерістен өту керегін айтып, бірнеше қағаз әкеліп берді. Ойлануға уақыт сұрадым. "Кез келген уақытта соның қасында болу керек" деген талабы болды. Біраз ойланып, балалық па, әлде қорықтым ба - ұсыныстан бас тарттым. Себебі тәуелді болудан қорықтым", - деді ол.
Ол клиенттермен болған қызық оқиғаларды да еске алды.
"Қазіргі таңда біздің барбершопқа Төреғали Төреәлі, блогер NNN Нұрдәулет, Алишер, Садраддин, жайдарманшылардан Ақболат Өтебаев, Қабдол Тілеков жиі келеді. Клиенттермен қызық жағдайлар жиі болып тұрады. Мәселен, екі жыл шашын алмаған жігіттің шашын алдық. Тойына басқа салондағылар шашын ойып тастап, бізге келіп түзеткен жігіт болды", - деді ол.
"Ерлердің шашы сусабын талғайды"
Барбершопқа мектеп оқушыларынан бөлек 18-35 жас арасындағы азаматтар келеді.
"Қазір бұрынғыға қарағанда ер адамдар өздеріне қарайды. Заман талабына сай барбершопқа жиі келеді. Осыдан 5-6 жыл бұрын олай емес еді. Арзан жерге шашын қиып, соны ыңғайлы көретін. Бүгінгі таңда 18-35 жас аралығындағы ер-азаматтар келеді. Мектеп оқушылары да біздің көмегімізге жиі жүгінеді. Жастар қазір сәнді жиі қарап отырады, трендтерді жібермейді. Түрлі жұлдыздардың, блогерлердің суреттерін көрсетіп, солар секілді қиып беруді өтінеді. Жалпы ер азаматтардың стилі сонау Алашордалықтардан басталды деп айтар едім. Олардың сол кездегі стилін қарасақ, өте керемет. Сол стиль бүгінде жалғасып келе жатыр", - деді ол.
Әрбір мастер келушілерге бет формасына, пішініне анализ жасап, шаш формасын ұсынады.
"Егер ұсынғанымызбен келіссе, солай қиып береміз. Көпшілігі келіспей, өз айтқандарын жасатады да, кейін біздің ұсынғанымызға үйренеді. 1-2 жыл бұрын фейт деп аталатын қысқа шаш үлгісі сәнде еді. Қазір корейліктердің стиліне ұқсас ұзындау шаш үлгісі қайтадан трендке келіп жатыр. Сондай-ақ, үлкен сақал сәнде болды. Қазір бет пішіне сай қысқа сақал сәнге енді. Ер адамдардың шашы да сусабын талғайды. Шаштың құрылымына қарай әртүрлі болады. Сол үшін ерлерден барбершопқа жиі келіп тұруды ұсынамыз. Барбермен ақылдаса отырып, өзіне келетін форманы жасағаны жөн", - деді ол.
"Айына - 11 мың теңге"
Ерлер үшін бет күтімі де маңызды. Ал барбершопта мұның бәрі бар. Жалпы бір айдағы ерлер күтімі шаш, сақал, бет күтімі орташа есеппен 11 мың теңге болады.
"Ер адам айына 1-2 рет бет күтімін жасау керек. Бірінші скрабпен бетін тазалаймыз, пилинг, маска жағамыз. Одан кейін бетке арналған қара дақтарды кетіруге арналған маска қоямыз. Ең соңында бетке нәр беретін дәруменге толы жақпа май жағып, әдемі етіп шығарамыз. Тек қана шаш қию 4-5 мың теңге болады. Ер адамдар негізі сараңдау келеді ғой. Айына жоқ дегенде шаш қидырады. Соның өзін арзан жерге барып, формасын бүлдіріп алады. Барбершопта әр екі ай сайын мамандарды біліктілік курсынан өткіземіз, заманауи құрылғыларды жиі ауыстырып тұрамыз, шаш алатын машинкаларды үнемі жаңартамыз. Барбершопқа келген адам шаштан бөлек бет күтімі, массаж, денедегі артық түктерден арылту қызметтерін пайдалана алады. Ерлер барбершопқа дейін қорқып, ұялып кіреді де, шыққан соң бірден қуанып, рахаттанып шығады", - деді ол.
Салауат Жұмабаев сақал-мұртқа да арнайы күтім керек екенін атап өтті.
"Ер адамдарға арналған шашына, сақал-мұртына арналған түрлі сұйықтықтар бар. Соны орнымен қолдану керек. Сақал-мұртқа күтім жасау үшін алдымен форма қойып береміз. Кейін күтімін айтып, ақыл-кеңес береміз. Қазір өсіргенімен, күтім жасамайтындар бар", - деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз