Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Назарбаев зияткерлік мектептердің (НЗМ) жұмысына кедергі жасауға болмайтынын айтты - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкіметтің баспасөз орталығында журналист министрге "НЗМ-ге қаржы көп бөлінеді деген пікір бар. Ол қаражат қайдан алынады? Сіз қарапайым мектепте түскі ас 580 теңге тұрады деп айттыңыз. Аталған мектептерде балалардың түскі асына қанша қаржы бөлінеді?" деп сұрақ қойды.
Ғани Бейсембаевтың айтуынша, Назарбаев зияткерлік мектептері еліміздегі ең беделді білім ордасы, оның жұмысына кедергі жасауға болмайды.
"Бүгінде Назарбаев зияткерлік мектептері өзіне артылған сенімді ақтап отырған озық тәжірибесі бар, алдың қатарлы мектептердің бірі. Ол – Қазақстандағы білім жүйесінің дамуына өзінің тиісті үлесін қосып отырған үлкен байлығымыз. Сондықтан оған шабуыл жасап, мұндай мектептердің жұмысына кедергі жасаудың қажеті деп жоқ ойлаймын. Әрине, сіз айтқан мәселеге қатысты ауқымды тексеріс болды. Оны жоғарғы аудиторлық палата жүргізді. Жақында оны аяқтады. Осыған қатысты бірнеше талап, ұсыныс берілді. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр", - деді министр.
Ведомство басшының сөзіне сенсек, НЗМ-ға балаларды тамақтандыру үшін мемлекеттен қаржы бөлінбейді.
"Бірақ жалпы тамақтану мәселесіне мемлекет тарапынан ақша бөлініп отырған жоқ. Назарбаев зияткерлік мектептері өзінің ішкі ресурстары есебінен балалардың тамақтану мәселесін шешіп отыр", - деп сөзін түйіндеді Ғани Бейсембаев.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!