Әр жоғарғы оқу орны өзіндік білім беру жүйесі, талабы, инфрақұрылымы мен халықаралық байланыс саласы бойынша ерекшеленеді. Ал Назарбаев университетінің өзге жоғарғы оқу орындарынан ерекшелігі қандай? Бұл туралы "Жұлдыз FM" радиосы эфиріне университеттің жоғарғы білім беру мектебінің деканы Аида Сағынтаева жауап берді.
«Назарбаев университеті өз қызметін, мақсатын үш бағытта жүзеге асырады. Біріншісі – оқу, екіншісі – зерттеу. Бұлар бір-бірімен бірлесе отырып жүзеге асады. Ал үшіншісі – қоғамға қызмет ету. Мұны университеттің әлеуметтік жауапкершілігі деп қараймыз. Себебі біз білім, ғылымы бар мамандарды ғана емес, қоғамға пайдасын тигізуге ынталы азаматтарды дайындауға тырысамыз. Осы ретте бірнеше өнегелі мысалдарды айта кеткім келіп отыр.
Пандемия, карантиннің қиындықтарын бірігіп еңсеру үшін университет студенттері өз еркімен қала тұрғындары мен дәрігерлер арасында жеке қорғаныс құралдары мен азық-түлікті таратты. Ал профессорларымыз онлайн семинарлар топтамасын баршаға арнап өткізді. Ол біздің әріптестерімізге өте пайдалы болды деп сенеміз. Кейбір шәкірттерімізді де атап өтейін. Айжан Әлжанова қиын жағдайға тап болған, тұрмысы төмен әйелдерге қолдау көрсететін "Mama Pro" қорын құрды. Мәулен Ахметов студент бола жүріп, университет қабырғасында елордамыз үшін алғашқы инклюзивті "Күнде" әлеуметтік дәмханасын ашты. Онда тұрмысы төмен және ақыл-ойы дамуында ерекшелігі бар жандар жұмыс жасайды" - дейді.
Назарбаев Университеті (НУ) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен 2010 жылы ашылған.
НУ сапалы білім беруді, маңызды зерттеулерді және батыл инновацияны біріктіретін халықаралық деңгейде танылған зерттеу университеті болуға ұмтылады, осылайша ел мен қоғамның одан әрі дамуына үлес қосады. Құрылған сәтінен бастап НУ, академиялық және ғылыми көшбасшылыққа жету үшін, жергілікті және әлемдік қауымдастықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру және болашаққа дайын түлектерді дайындау үшін құндылықтар мен стандарттарды белгіледі.
2018 жылғы желтоқсанда Жоғары қамқоршылық кеңес 2018-2030 жылдарға арналған жаңа стратегияны мақұлдады. Стратегия жаһандану және серпінді технологиялар дәуірінде қаланған негізге сүйене отырып, өзгерістерге дайындалуға бағытталған.