Назарбаев университетін, ӘМСҚ-ні қаржыландыру механизмі өзгереді

Назарбаев университетін, ӘМСҚ мен АХҚО-ны қаржыландыру механизмі 2026 жылдан бастап өзгереді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап білім беру, денсаулық сақтау және қаржы саласындағы бірқатар квазимемлекеттік ұйымды қаржыландыру механизмі күшейтіледі. Бұл шаралар Жоғары аудиторлық палатаның ұсынысы бойынша қабылданған.

Бюджет кодексіне өзгерістер енгізу процесі мемлекеттік аудиттен кейін басталған. Жоғары аудиторлық палата ҚР Үкіметіне қаржыландыру тәсілін өзгерту мүмкіндігін қарауды ұсынған, өйткені қолданыстағы механизм мемлекет активтерінің өсуіне ықпал етпейді және қаражат қайда жұмсалғаны ашық көрінбейді.

"Жаңа Бюджет кодексінде нысаналы салымдар мен аударымдар көмегімен қаржыландыруды көздейтін нормалар алып тасталды. Оның орнына заңды тұлғаларға берілетін трансферттер енгізіледі. Трансферттер үміткер ұйымдар өздерінің стратегиялық құжаттарында нақты нәтижелерді жоспарлаған жағдайда бөлінеді. Қаржы жылы ішінде бөлінген және пайдаланылмаған қаражат заңда көзделген кейбір жағдайларды қоспағанда бюджетке қайтарылады. Трансферттер алатын заңды тұлғалардың бірінші басшылары мемлекеттік органдардың даму жоспарларында, өздерінің ұзақ мерзімді стратегияларында және тиісті бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында айқындалған нәтижелерге қол жеткізуге жауапты", - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар, олар қаражатты пайдалану туралы есеп дұрыстығына жауап береді.

Бұл өзгерістер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!