- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Назарбаев тағы бір...
Назарбаев тағы бір құрметінен айырылмақ
Елордадағы "Тұңғыш Президент - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінен" Тұңғыш Президент - Елбасы деген сөздер алып тасталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысынан соң сенатор Бекбол Орынбасаров айтты.
Ол "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы неге Мәжіліске қайтарылғанын түсіндірді.
Сондай-ақ, сенатор заң жобасында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір құрметінен айыратын норма барын айтты.
"Бүгін біз ерекше заң жобасын қарадық. Парламентте ол егжей-тегжейлі қаралған болатын. Президенттің бастамасымен "Ұлттық қор балаларға" деген заң жобасы ұсынылды.
Құжат Мәжілісте қаралып, бізге түсті. Біз жалпы негізгі тұжырымдаманы қабылдадық. Бірақ заңды талқылау барысында бірнеше өзгеріс енгізуге тура келді.
Біріншіден, ақшаны аударуға байланысты. Мысалы, ақшаны жинақтау қорына аударған кезде доллардың бағамы әртүрлі болуы мүмкін. Доллар бағамы бір күнде 4-5 рет өзгеруі ықтимал. Сондықтан біз оны аудару күні емес, аудару уақыты деген өзгеріс енгіздік.
Екіншіден, "Тұңғыш Президент және Елбасы туралы" заңның өзгеруіне байланысты біз осы мәселені арнайы қарадық. "Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдары туралы" заңның нормасына сәйкес келтіру керек болды. Заңмен Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде оқыту мәселесі регламенттелген.
Сенаторлар осы университетің атауын Қазақстан Республикасы "Тұңғыш Президенті - Елбасы" деген сөздерді Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы конституциялық заңның қолданылуын тоқтатылуына байланысты Қазақстан Республикасы деген сөздермен ауыстыруды ұсынды.
Үшіншіден, ұлттық әл-ауқат қорының жалғыз акционерінің құзыретін реттейтін қайталанатын нормалар алып тасталды. Бұл түзетулер заңды және принципті сипатта. Сондықтан Сенат заңның жекелеген баптарын мақұлдамауға және бұл баптардың жаңа рекомендациясын ұсынып, оны Мәжіліске қайтаруға тура келді", - деді депутат.
Сенатор Астанадағы ұлттық әскери университеттің атауы өзгеретінін нақтылады.
"Иә, жоғары оқу орнының атауын өзгертеміз. Енді бұл әскери оқу орнынан "Тұңғыш Президент - Елбасы" деген сөздер алып тасталады. Енді ол Ұлттық қорғаныс университеті деп аталатын болады", - деді Бекбол Орынбасаров.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!