Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Руанда президенті Поль Кагамемен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективалары мен күн тәртібіндегі мейлінше өзекті халықаралық мәселелер талқыланды. Қазақстан Президенті екі елдің бір-бірінен алшақ жатқанына қарамастан, өзара ықпалдастықты жолға қою маңызды екенін айтты.
"Біз, салыстырмалы түрде алсақ, Африка мемлекеттерімен енді ғана қарым-қатынас орнатып жатқан жас ел болып саналамыз", - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Кагаменің өз елінде бейбітшілік орнату үшін елеулі күш-жігер жұмсағанына да назар аударды. "Руанда халқы сұмдық геноцидті бастан өткерді, Сіз оған тоқтау сала алдыңыз және бүгінде республиканы дамыту үшін көп нәрсе жасап жатырсыз", - деді Қазақстан Президенті.
Руанда Президенті өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаевқа кездесу үшін алғыс айтып, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін білдірді.