- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Назарбаев Келімбетовке валюталық...
Назарбаев Келімбетовке валюталық саясат шараларын шұғыл әзірлеуді тапсырды
Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке келешектегі ортамерзімді кезеңде экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жоспарын қысқа мерзім ішінде әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банкке қалыптасқан жағдайдағы экономикалық және валюталық саясат шараларын шұғыл әзірлеу тапсырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Кеңес барысында сөз сөйлеген Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов инфляциялық таргеттеуге көшу ісін Халықаралық валюта қорымен бірлесіп зерттеу жүзеге асырылатынын айтты. "Бұл үшін оның өз мерзімдері бар, бірақ қалыптасқан жағдай сол қалпында қалатын болса, біз оның енгізілуін тездетеміз және Үкіметпен келіскен соң тиісті ұсыныс береміз", - деді Келімбетов.
"Әрбір министрдің, елдің экономикалық саясатына қатысушының сапасы тексерілетін күрделі интеллектуалдық жұмыс уақыты келе жатыр. Бұл жолғы дағдарыс - іс жүзінде Қазақстанның барлық өнеркәсіптік кәсіпорындарын қамтитын секторалдық дағдарыс. Мұндай бізде болған емес, сондықтан ол мүлде басқа амалдарды қажет етеді. Бұл жағдайдан да бұрынғыша жол тауып шығатынымызға сенімдімін", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Еске сала кетейік, бүгін, 19 тамызда бірқатар банк доллар бағамын 198,6 теңге деп көрсеткен болатын.
Ал мұның алдында Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетов 2015 жылдың 15 шілдесінде жаңа валюта дәлізіне өткеннен кейін теңгенің долларға шаққандағы бағамының таяу арада осыған дейінгі диапазонда қалатынын мәлімдеген еді. Ол алдағы маусымда доллардың 190 теңгеге көтерілмейтініне уәде берген болатын. Курстың ауытқу дәлізі бір долларға 170-188 теңгеден 170-198-ге өзгерген еді.