Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды бейресми түрде "Ұлы Дала елі" деп атауға болатынын тағы бір мәрте мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қазақстанның ғаламдық қауымдастықтағы атағы мен танымалдығы кеңейе түсу үшін жеріміздің жүріп өткен және келешек тарихи жолын зерделеу біз үшін маңызды. Әлемде мысал ретінде келтіретін халықтар баршылық, яғни олар ресми атауынан бөлек, ерекше, бейресми ұғымды қолданатын елдер. Біздің қасиетті жерімізді ежелде Ұлы дала деп атаған, ал бізді Ұлы даланың балалары деген. Оны бағзы заманғы ақындар жырлап, халықтың туған жерге деген махаббатын домбыраның, қобыздың және жетігеннің үнімен еліктірген. Біз таңғажайып мүмкіндіктермен және үмітпен жаңа Қазақстанды тұрғызып жатырмыз, олар біздің ата-бабаларымыздың тарихында ешқашан болмаған", - деді Қазақстан Президенті Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында.
"Бірнеше мың жылдық тарихы бар жеріміз көз алдымызда өзгеріп келеді. Төбеміздегі аспан - әрбір ауылда, қазіргі заманғы Қазақстан қалаларында болып жатқан өзгерістердің куәсі. Күн біздің игі істерімізді жарықтандырады, көк аспан мен күн - біздің туымыздың түсі. ХХІ ғасырда Еуразияның ұлан-байтақ кең даласы түрленіп, қайта гүлденіп жатыр. Біз тарихымыздың жаңа шамшырағын жақтық. Сондықтан, бүгін және мәңгілік біздің Қазақстан - ол "Ұлы Дала елі", бұл түрленген Ұлы даланың елі, Отанымыздың көпұлтты халқының үйі және бесігі. Отанымыздың - Ұлы даланың сүйікті елінің ұлттық атауы міне осындай", - деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, бұл атау Отанымыздың өткенін, қазіргісін және болашағын айшықтайды, оған қазақстандық сипат пен оның негізгі қыры бекіген: "ашықтық, пейілінің кеңдігі мен жүрегіміздің жылуы, қонақжайлық пен ынтымақшылдық, даналық, парасаттылық, еңбексүйгіштік пен халқымыздың жігерлігі, өз күшіне сену".
"Жаңа Қазақстанның мұндай бейнесінің әрбір қазақстандықтың санасынан және жүрегінен орын табатынына сенімдімін, ол бүкіл әлемді мойындатады", - деді Назарбаев.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды "Ұлы Дала елі" деп атауды биыл тамыз айының соңында өткен халықаралық конференция барысында ұсынды.