Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұма күні халықаралық конференцияда Қазақстанды "Ұлы Дала елі" деп атауды ұсынды. Бұл туралы саясаттанушы Ерлан Қарин Instagram әлеуметтік желісінде жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Нұрсұлтан Назарбаев бүгін халықаралық конференцияда былай деді: "Біз "Ұлы Дала елі" деп аталуымыз керек деп есептеймін. Кейбіреуі өздерін "аспан асты елі, ал кейбірі "Күншығыс елі" деп атайды. Біз ұлы даланың ұрпағымыз. Бұл даланы ата-бабамыз бізге қалдыру үшін қанын төгіп қорғаған. "Қазақстан" деген атаумен қатар, "Ұлы Дала елі" атауы да қолданылса дұрыс болады". Мен қосыламын!", - деді саясаттанушы.
Айта кетейік, биылғы шілдеде Мемлекет басшысы елді бүкіл әлемге танытатын қазақстандық брендті жасау керек екенін айтқан болатын. "Біз қазақстандық бренд ойластыруымыз керек. Жапония Күншығыс елі, Корея - таңғы балғындық елі, Нидерланды - қызғалдақтар елі, Қытай аспанасты елі атанған. Шексіз далада, мәңгілік көк аспанда біздің ата-бабамыз өмір сүрген. Тәңір - аспан. Жасыл дала мен көк аспан біздің Туымызда да бейнеленген. Біз ұлы даланың балаларымыз. Дәл осы ұранмен және жаңа брендпен біз Қазақстанды әлемге танытуымыз керек", - деді Назарбаев.