Алаштанушы, ғалым Сұлтанхан Аққұлы "BILGEN DURYS" бағдарламасында неліктен 30 жылдан бері Кенесары ханның бассүйегін елге қайтара алмай отырғанымызды түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сұлтанхан Аққұлының айтуынша, Кенесарының бассүйегін елге қайтаруға бұрынғы президент қарсы болған.
"Кенесарының бассүйегін елге қайтаруға түбегейлі қарсы болған - сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев. Өйткені Кенесарының бассүйегі келсе, оның халық алдындағы биік абырой-беделі, атағы көлеңкеде қалып қояды. Сол себепті Назарбаевтың билік заманында Назарбаев бір Кенесарының бассүйегі емес, осы бүгінгі мемлекеттің ірге тасын қалап, оның шекарасын белгілеп, оны 2,5 жылдай тұңғыш президент ретінде басқарған Алихан Бөкейханды 2016 жылы туғанына 150 жыл болған мерейтойын ЮНЕСКО аясында тойлатуға түбегейлі қарсы болды. Сол себепті бюджеттен сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімовтың аузымен 2015-2017 жылдардағы үш жылдық бюджетте Алиханның мерейтойын тойлауға қаржы қарастырылмаған деп құтылды. Байқасаңыз, биыл Назарбаевтың биліктен кеткеніне тура 5 жыл толып отырса, сол 5 жылдан бері Назарбаевтың Алаш тақырыбына, Кенесарыға деген көзқарасына әлі екпінмен келе жатыр. Сол себепті ҚР жаңа астанасы - Астана қаласында Алаш қайраткерлерінің біріне лайықты ескерткіш орнатылған жоқ", - дейді ғалым.
Ғалым сондай-ақ қазір Кенесарының бассүйегі қара түске боялғанын естігенін айтты.
"Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың Ельцинге немесе Путинге телефон соғуы бүкіл мәселені шешетін еді. Ал енді дәл қазір өзім нақты білетін мәліметім былай: қазір Ресей жағы Кенесарының бассүйегін тауыпты-мыс. Оған генетикалық сараптама жүргізіп, дәл Кенесарының бассүйегі екенін дәлелдеп, бірақ бассүйек қара бояумен боялыпты. Мен 2014 жылы Омбыға барғанда Сергей Маслов деген жазушының бір бет қана естелігін тауып алдым. Ол Омбы облыстық мұрағатынан табылған бір жапырақ қағаз. Ол Кенесарының бассүйегін көргенін, өз қолымен ұстап көрегінін, Кенесарының бассүйегінің маңдай тұсында патшалық мөрдің басылғанын айтады. Бұл шамамен екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында көрген нәрсе. Кенесарының бассүйегі ұшып кететін ауа емес қой, бассүйегі бар. Қазір Ресейдің бізге ұсынып отырғаны қара бояулы бассүйек. Менің түсінуімше, ол дәл қазіргі Ресейдің саясатының салдарынан қазаққа мазақ етіп ұсынып отырғаны деп түсінемін", - дейді Сұлтанхан Аққұлы.