- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Назарбаев Жұмағалиевпен кездесті...
Назарбаев Жұмағалиевпен кездесті
Нұрсұлтан Назарбаев "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ басқармасының төрағасы Асқар Жұмағалиевпен кездесті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Мемлекет басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Асқар Жұмағалиев Елбасыға ұлттық атом компаниясы "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" акционерлік қоғамының негізгі мақсаттарын айқындайтын даму стратегиясын бекіткенін баяндады.
Қазақстан Президенті экономикалық көрсеткіштерін жақсарту үшін компанияның салалық емес активтерінен арылу қажеттігін айтты. "Тәуелсіздігіміздің бастапқы кезеңіндегідей жекешелендіруді батыл жүргізу керек. Тікелей қызметке - уран өндірісіне ден қойып, қалған активтердің бәрін жеке меншікке беру қажет", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ басқармасының төрағасы өндірісті әртараптандыру мен ядролық отын циклының барлық буынына ену, сондай-ақ тиімділікті арттыру, компанияны, соның ішінде өндіру кәсіпорындарын трансформациялауды жүргізу даму стратегиясының негізгі басымдықтарына жататынын айтты.
Сонымен қатар, Жұмағалиев стратегияны жүзеге асыру "Қазатомөнеркәсіп ҰАК" АҚ-ның құнын арттырып, оның әлемдік уран өндірісі нарығындағы көшбасшылық орнын сақтап қалуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді.