- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Назарбаев Хиросима қаласының...
Назарбаев Хиросима қаласының айрықша құрметті азаматы атанды
Қазақстан Президенті «Хиросима қаласының айрықша құрметті азаматы» арнаулы атағын тапсыру рәсіміне қатысты, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы өзіне айрықша құрметті азамат атағын бергені үшін Хиросима қаласының билік өкілдері мен жұртшылығына ризашылығын білдіріп, мұны Қазақстан мен Жапонияның антиядролық қозғалыстағы ниеттестігінің белгісі деп атады.
– Жапонның Хиросима мен Нагасаки қалалары адамзаттың жаппай қырып-жою қаруына қарсы күресінің жалпыәлемдік символы болып саналады. Сіздердің ядролық қару-жарақтан ада әлемді қалыптастыру жолында жұмсаған күш-жігерлеріңіз бен қосқан өлшеусіз үлестеріңізді бүкіл әлем жоғары бағалайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті атом бомбасынан құрбан болған ондаған мың адамның рухына тағзым ету үшін Хиросимаға арнайы келгенін айтты.
– Хиросимаға келіп, Бейбітшілік мемориалды саябағы нысандарымен танысу кезінде ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы біздің бастамаларымыздың маңыздылығына деген сенімім тағы да беки түсті. Осы жерде, Хиросимада тұрып, атом бомбасы жарылысының бар қасіретті салдарын көре отырып, бүкіл әлем көшбасшыларын ядролық сынақтардан бас тартуға, атом қасіретінің қайталануына жол бермеуге шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонында қырық жылдан астам бойы үздіксіз жүргізілген ядролық сынақтар қазақ жеріне және халық денсаулығына орасан залал келтіргенін еске салды.
– Бүгін хиросималық бүлдіршіндер орындаған «Заман-ай» әні біздің елдеріміздің әлемдік қоғамдастықты ядролық зұлмат қатерінен құтқарудағы ұмтылысының нышанына айналды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта мұндай қасіретке жол бермеу үшін бар күш-жігерді жұмсауға шақырды.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Абэмен келіссөз жүргізу барысында жаппай қырып-жою қаруы қауіпінен ада әлем қалыптастыру жөніндегі іс-қимылды жалғастыру үшін екі елдің күш-жігерін жұмылдыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты.
Қала мэрі Кадзуми Мацуи Хиросимаға келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа барша тұрғындар атынан алғыс білдіріп, оған айрықша құрметті азамат атағының берілуі ядролық қарусыз әлем үшін күрестегі сіңірген еңбегінің жоғары бағалануының белгісі екенін атап өтті.
– Сіз 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан халқының қалауымен Семей ядролық полигонын жаптыңыз. Орталық Азияда ядросыз аймақ қалыптастыруға және 29 тамызды Ядролық сынаққа қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялауға бастамашылық еттіңіз. Ядролық қарусыз әлем қалыптастыру ісінде Сіз жетекші рөл атқарып келесіз, – деді К.Мацуи.
T. Кіршібаев