Назарбаев тағы бір ақтөбелікке үй сыйлады. Ата-анасының қиын жағдайын жазған ақтөбелік оқушы бір жапырақ қағазын президенттің қолына ұстатты.
Ол қолына ұстаған хатты «Мынаны қазір оқиын ба, әлде кейін оқиын ба?» деп сұрап, оқушыға қараған болатын. «Өзіңіз қалаған уақытта оқырсыз» деген оқушы сөзінен кейін елбасы хатты бір шолып шықты. Қысқаша диалог кезінде елбасы «Үйің қайда орналасқан?» деп баланың жағдайын да сұрады. «Әке шешем Қарабұтақ ауылында тұрады. Үйде кәмелеттік жасқа толмаған төрт бала бар. Үйдегілер бізді оқыту үшін қалаға көшіп келеді» деген баланың тілегі жерде қалған жоқ. Қолына хатты ұстап тұрған күйі Нұрсұлтан Әбішұлы «мынаны әкімге тапсырамын, бұл үй саған емес, сенің ата анаңа болады» деп кетті.
Ақтөбеліктердің Назарбаевтың алдынан шығып, үй сұрауы бұл бірінші рет емес. Осыдан он жыл бұрын Ақтөбеге президент келген кезде қаншама күзеттің арасынан сытылып шыққан кішкентай қыз көпті таң қалдырғаны есімізде. Онда бүлдіршін анасының елбасы атына жазған хатын қолына қысып жүгірген болатын. Кішкентай қыз жүгірген бойымен хатын президенттің қолына ұстатты. Сол кезде хатты көмекшілеріне берген Нұрсұлтан Әбішұлы кішкентай бүлдіршіннің ниетін, ананың тілегін орындады. Елбасы сапарынан кейін Шолпан есімді қыздың отбасы баспаналы болғаны хабарланған болатын.
Бұл жолы тағы бір ақтөбелік жүрегі дауалап, президент қолына хат ұстатты. Үлкен қонақ баланың көңілін қаққан жоқ. Нақ шешімін айтып, уәдесін берді.
Дереккөз: nur.kz