- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Найманский бауырсақ, жол...
Найманский бауырсақ, жол бауырсақ, ши бауырсақ. Әр аймақта қалай пісіріледі?
Қазақтың ұннан жасалатын ұлттық тағамдарының бірі - бауырсақ. Әр өңірде бауырсақтың жасалу жолы сан алуан. Massaget.kz тілшісі әр аймақтағы бауырсақ түрлеріне шолу жасады.
Ақ бауырсақ
Бауырсақтың бір түрі - ақ бауырсақ. С.Қасимановтың деректеріне сүйенсек, ақ бауырсақ ертеде арнаулы, сыйлы қонақтарға арнап дайындалған.
Одан бөлек, бауырсақтың "түйе бауырсақ" деген де түрі бар. Ол - бауырсақтың ірілеу түрі. Түйе бауырсақ үлкен әрі дөңгелек пішінді болады.
Әуесқой түсірілім
Ши бауырсақ
Шығыста бауырсақтың "ши бауырсақ" деген түрі дайындалады. Ол әдетте Абай облысының өңірлерінде, Семей жақта әзірленеді. Оны жіңішкелеп кесіп пісіреді.
YouTube/ Gulzhannat Nurusheva
"Біздің жақта ши бауырсақ дайындалады. Ол ұсақ-ұсақ болады", - дейді өскемендік бойжеткен.
Бір қызығы YouTube желісінде бұл бауырсақты "Найманский ши бауырсақ" деген атаумен дайындалуын көрсеткендер де бар екен.
YouTube/ Aisha tagam
Жол бауырсақ, сүт бауырсақ
Қазақ ертеден көшпелі халық екені белгілі. Ертеде ата-бабамыз ұзақ жолға арнап, тоң майға пісірген бауырсақ түрін "жол бауырсақ" деп атаған. Ұннан дайындалатын бұл тағамның "сүт бауырсақ" деген де түрі бар. Деректерге сүйенсек, ол Жезқазған жақта дайындалады.
Тұш бауырсақ
Тұш бауырсақ - балға қатыратын бауырсақтың бір түрі.
Сурет: uniface.kz
Қиғаш бауырсақ
Оңтүстікте, дәлірек Шымкентте домалақ бауырсақ пісіреді екен. Сондай-ақ, қиғаш бауырсақ деген де түрі бар. Бұл түрі Шымкент, Түркістанда дайындалады.
"Бізде ешқандай салмасыз домалақ немесе ромб (қиғаш) пішініндегі сары бауырсақтар пісіріледі. Сүтке ашытамыз. Шибауырсақ деген бар. Ол майда-майда болады. Ал мейрамханаларда бауырсақтың ішіне сүзбе, шоколад салып ұсынады", - дейді шымкенттік келін.
Сурет: check-point.kz
Батыста да дөңгелек, қиғаш пішінде бауырсақтар пісіріледі.
"Біз кәдімгі дөңгелек, қиғаш бауырсақ дайындаймыз. Қонаққа немесе уақыт болғанда, дөңгелек пішінді етіп, ал асыққан кезде қиғаш бауырсақ пісіреміз. Бесікке салу кезінде орындалатын тыштырма рәсіміне кішкентай бауырсақтар дайындалады", - дейді атыраулық.
Әуесқой түсірілім
YouTube/ Венера Бекбулатовна
Еспе бауырсақ, бұрама бауырсақ
Бауырсақтың еспе бауырсақ деген де түрі бар екен. Оның қамыры таба нанның қамырымен бірдей болады. Ал иленген соң бармақ жуандығындай етіп, жіп ескендей есіп, екі ұшын қосып әзірлейді. Бұл бауырсақ ертеде құйрық майға шыжғырылып дайындалған.
Бұрама бауырсақ - қамырды есіп, біріктіріп, кейін бұрап қуыратын түрі. Оның сыртына бал жағып немесе құмшекер сеуіп те ұсынатын болған.
YouTube/ Saule Bibayeva
Ж. Қадыржанова