- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Наурыздан бастап 5,5...
Наурыздан бастап 5,5 миллион теңгеге дейін қарызыңыз кешіріледі. Бірақ оның салдары бар
Былтыр 22 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заңға қол қойды. Қысқаша айтқанда, бұл - жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң. 3 наурыздан бастап несиесі бар және оны бір жылдан бері түрлі себепке байланысты төлей алмай жүрген азаматтар банкроттыққа өтініш бере алады. Алайда оның салдары қандай? Мемлекет тарапынан бұл дұрыс шешім бе? Massaget.kz тілшісі бұл туралы экономист маман Мақсат Серәліден сұрап білді.
Ең алдымен, бұл заң бойынша кімдер өтініш бере алатынын түсіндіре кетсек:
Несие қарызыңыз 1600 АЕК, яғни 5 520 000 теңгеден аспаса;
Оны кейінгі бір жылдың көлемінде төлеуіңіз қажет болса да өтеуге мүмкіндігіңіз болмаса;
Атыңызда жылжымайтын мүлік, жер учаскесі немесе көлік рәсімделмеген болса өзіңізді банкрот деп танып, өтініш бере аласыз.
Айта кетейік, екінші деңгейлі банктегі, микроқаржы ұйымдарындағы несиелерді және несиеңіз коллекторларға өтіп кетсе де өтініш беріп, несиені жабуға болады.
Бұл заңның салдары қандай?
Экономист маман Мақсат Серәлінің сөзінше, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау әлемде бар практика. Бірақ өзіңізді банкрот деп танып, несиеңізді жабудың салдары бар.
"Қазақстан дамыған, дамушы елдердің қатарына қосылуы үшін осындай заңдарды енгізуі керек. Бірақ банкроттық - қарыздан құтылу емес. Оның салдары да бар. Сіз банкрот болғаннан кейін ипотекалық бағдарламаларға қатыса алмауыңыз мүмкін. Несие тарихыңыз нашарлап, екінші деңгейлі банктер арқылы алдағы уақытта несие алу қиындай түседі. Сондықтан банкроттыққа өтініш берер алдында ойлану керек. Оның салдарын түсіну керек. Ал комиссия да банкроттық бойынша түскен әр өтінішті қарар кезде азаматтың экономикалық-әлеуметтік жағдайын қарастыруы керек. Ол үшін екінші деңгейлі банктер не микроқаржы ұйымдарымен өтініш жазған адамға талдау жасау керек. Болмайтын аздаған сома үшін банкроттыққа өтініш беріп, артынша оның салдарын көріп отырмау қажет", - дейді маман.
Экономист заң бойынша төлем қабілеті жоқ, несиесін төлей алмайтын азаматтар өздерін банкрот деп жариялай алатынын атап өтті. 5,5 миллион теңгеге дейін қарызы бар азаматтар өтініш бере алады. Ипотека не үлкен сомадағы қарызы бар компания, жеке кәсіп не ЖШС қарызы есептелмейді. Тек жеке тұлғалардың, яғни қарапайым азаматтардың қарызы қарастырылады.
Көрнекі сурет: Тұрар Қазанғапов
Өзге азаматтар, яғни несие қарызын уақытылы жауып жүргендер олардың салығы есебінен өзгенің несиесі жабылады деп әлеуметтік желіде түрлі пікір жазып жатыр. Көп жағдайда Желі қолданушылары несиесін уақытылы төлеп жүргендердің кемінде пайыздық мөлшерлемесін төмендетіп не оны мүлде алып тастап, мемлекет жәрдемдесуі керек деп жатыр. Мақсат Серәлі бұл орынды пікір екенін айтады.
"Микроқаржы ұйымдары немесе екінші деңгейлі банктер бұл заң бойынша ешқандай "минусқа" кетпейді. Банктер қарызын төлемей жүрген адамдардың қарызын несиесін уақытылы төлеп жүрген адамдардың есебінен өндіріп алуы мүмкін еді. Яғни әңгіме берілетін несиенің үстінен қандай да бір пайыз қосу туралы болмақ", - дейді маман.
Мақсат Серәлі мұны түсіндіру мақсатында қарапайым мысал келтірді: екі миллион қарызы бар адам өзін банкрот деп танып, өтініш жазып, банк оның қарызын кешірді делік. Банк екі миллион теңге қарызды құры кешіріп қоя салмайды. Оны мемлекет өндіріп бермейді. Сондықтан ол қарызды басқа, келесі несие алушының пайыздық мөлшерлемесіне қосып төлетуі мүмкін. Осылайша, банк банкрот болып танылған адамның қарызын өндіріп алады.
"Бір нәрсені түсініп алуымыз керек: микроқаржы ұйымдары, екінші деңгейлі банктер - бизнес субъектісі болып саналады. Ал олардың мақсаты - пайда табу. Банкрот болып келген адам банк үшін шығын болғандықтан, оны басқа жолмен өндіріп алуды көздеуі мүмкін", - деп түсіндірді Мақсат Серәлі.
Көрнекі сурет: Tengrinews.kz
Алайда экономист банкроттық туралы заң қабылдау дұрыс бастама екенін айтады. Бұл дамыған елдердің тәжірибесінде бар дүние.
"Қаржылық жағдайы қиындап кеткен кезде ел азаматтары өзін банкрот деп таниды. Психологиялық тұрғыда адамға белгілі бір деңгейде қауіпсіздік береді. Себебі, өздеріңізге белгілі, Қазақстанда коллекторлардың жұмысы, екінші деңгейлі банктердің жиі хабарласуы суицидке дейін алып келетін жағдайлар болады. Осының алдын алу мақсатында дұрыс деп ойлаймын. Яғни қаржы ұйымдарынан қысым түспейді", - дейді маман.
Мақсат Серәлі бұл заңды кредитті кешіреді деп түсіну дұрыс емес екенін тағы ескертті. Сол үшін, маманның сөзінше, елде қаржы сауаттылығын дамыту керек. Ол үшін үгіт-насихат дұрыс жүруі керек.
"Оны кредит кешіреді деп түсіну қате. Оның өзінің де артықшылығы мен кемшілігі бар", - деп түсіндірді Мақсат Серәлі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина