15 ақпанда наурыздағы ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау басталады. Өтінішті 25 ақпанға дейін беруге болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
ҰБТ-ға Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы тіркелуге болады. Тестілеу 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді.
Наурыздағы ҰБТ-ға ақылы негізде күндізгі бөлімге шартты түрде оқуға қабылданғандар, былтырғы түлектер және колледж бітірушілер, Қазақстан азаматтығы жоқ, бірақ қазақ ұлтының өкілдері, шетелде оқыған Қазақстан азаматтары, бөлімге түскісі келетін мектеп түлектері қатыса алады.
Өтініш беру кезінде қатысушылар тестілеу өтетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.
2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер бұрынғыша үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. Тапсырмалардың жалпы саны - 120: "Қазақстан тарихынан" 20, "Оқу сауаттылығынан" 10, "Математикалық сауаттылықтан" 10, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан. Ең жоғары нәтиже - 140 балл.
Биыл Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерге болашақ мамандық пен оқу бағытын таңдауға көмектесетін EDUNAVIGATOR.KZ кәсіби бағдар беру платформасын іске қосты.
Дайындық сапасын арттыру үшін сынақ тесттері қолжетімді. Орталықтың ресми сайтында көмекші материалдар орналастырылған: ұсынылатын әдебиеттер тізімі, Қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихынан 100 негізгі дата, информатика бойынша терминдер тізімі, сондай-ақ қазақ және орыс әдебиетінен міндетті шығармалар тізімі.
Тестілеу кезінде талапкерлерге калькулятор, химиялық элементтердің период кестесі және тұздардың ерігіштік кестесі беріледі. ҰБТ ұзақтығы - 4 сағатты (240 минут). Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша 40 минут уақыт қарастырылған.
Еске салайық, қаңтардағы ҰБТ–2026-ны шамамен 184 мың адам тапсырды. Олардың 75 пайызы тестілеуді қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде тапсырды, тағы 113 талапкер ағылшын тілін таңдаған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!