Шымкентте дау болған ипподром ақыры ашылды. Қала тұрғындары, белсенділер мен сәулетшілер қарсылығына қарамай қала сыртына көшірілген атшабарды Мұрат Әйтенов келіп ашты. Сөз алған әкім “BI” group басшысына бүкіл шымкенттіктер атынан алғыс айтып қана қоймай, ел алдында бас иді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Естеріңізде болса, бұған дейін Шымкенттегі атшабар әйгілі “Денробақ” жанында еді. Асанбай Асқаровтың бастамасымен ашылған ипподромды жабуға қала халқы ғана емес, қоғам белсенділері де қарсы шыққан. Қала сәулетшілері де әкімдік идеясына келіспей пікір білдірген болатын. Бірақ, Шымкент қаласының әкімі көпшілік сөзін сол күйі естіген жоқ. "У нас был жесткий торг" деген Мұрат Әйтенов сөзінен кейін халықтың демалыс аймағына “BI group” биік-биік үйлер сала бастады. Ал, атшабар қала сыртына көшірілді.
Шымкенттің шырайлы жерлерін алып, көпқабатты үй салуға кіріскен компания көпшілік қарсылығын тегін ипподром салумен алдарқатуға тырысқандай. Құны 6 млрд теңгеге бағаланған Шымкенттегі ипподромды “BI group” пен билік өкілдері наурыз мерекесі қарсаңында ашты. Және “Наурыз Шымкенттен басталады” іс-шарасын да дәл сол жерге ұйымдастырды.
Қаладан бірнеше шақырым жерге жұртты жинау үшін әкімдік автобустардың тегін апаратынын алдын ала хабарлаған. Осылай деген шымкенттіктер соңында бұл уәденің өтірік болып шыққанын айтады. Сөздерінше, қала әкімдігінен 15 минут сайын жүрген көліктер әрқайсысынан 70 теңгеден жинап алған.
Ал, сағат 11:00 ге жоспарланған концерт "бір жарым сағаттан соң бір-ақ басталды" деп халық наразы.
Іс-шара кезінде Шымкент күрт суып, жаңбыр жауғаны сол екен, сыйға берілген “BI group” ипподромындағы шатырдан су сорғалап аққан. Ал, келген көрерменнің көбі мұғалім мен студенттер .
Ал, концертте өнер көрсеткен әртістер ипподромға таңғы сегізден жеткізілдік дейді. Оқушылар дірдек қағып бағдарламаның басталуын түскі 12:30-ға дейін күтуге мәжбүр болған.
Бейресми ақпаратқа сүйенсек, Шымкент әкімдігі биылғы “Наурыз тойына” 570 млн теңге бөлген. Ал, концерттік шарада гонарары аз тұрмайтын Мәдина Сәдуақасова, Тамара Асар, Ардақ Балажанова, Әділ Ахметов сынды әнші, актерлер төбе көрсетті. Қала берді оны тегін пост салмайтын белгілі блогерлер жарнамалаған. Ал, қала әкімдігі 2023 жылы наурыз мерекесіне бюджеттен қанша теңге бөлінді деген сұраққа жауап берген жоқ.
Естеріңізде болса, 2021 жылы Шымкенттегі Наурыз думаны даумен аяқталып, соңғы нүкте сотта қойылған еді. Қоғам белсенділері мен журналистер бір Наурыз үшін бюджеттен 595 млн теңге бөлінгенін айтып, қызу талқыға түскен болатын. Кейін қала әкімдігі баспасөз жиынын өткізіп, 213 млн теңге бөлінгенін жариялаған. Осылайша ұлыстың ұлы күні қарсаңында мемлекеттік сатып алудағы цифрлар сан құбылып, соңында мемлекет ақшасын жымқырды деген айыппен мәдениет басқармасының бас есепшісі 8 жылға, ал “Мәдениет” үйінің бас есепшісі 7 жылға сотталды. Оларға 610 млн теңгені қалтаға басты деген айып тағылды. Ал, сол кездегі “Мәдениет” үйінің басшысы Сәкен Майғазиев өз еркімен жұмыстан кетті. Айта кетейік, мереке қарсаңындағы іс-шара үшін қала бюджетінен “МузАрт” концертіне 30 млн теңге бөлінгені де көпшілікті таң қалдырған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!