- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Наурыз тойын тоғыз...
Наурыз тойын тоғыз күн тойлау дұрыс па? Этнограф жауап берді
Наурыз мерекесін 9 күн бойы тойлау дәстүрге айналғалы біраз жыл болды. Әр күнге атау беріп, айдар тағып, түрлі игі амалдар жасауға ұмтылып жүрміз. Ұлыс мерекесін аптадан асырып атап өту қайдан шықты?
Massaget.kz тілшісі жамбылдық тарихшы, этнограф ғалымдармен тілдесіп, Наурыз тойын бұлай тойлау қайдан бастау алғанын сұрап-білді.
Жалпы түркі жұрты үшін 9 саны қасиетті саналады. Қазақта 9-дан басталатын сый-сияпаттар көп. Мәселен, "тоғыз алу, тоғыз беру, тоғызға кесу". Тіпті олжаны да "үйірімен үш тоғыз" деп байлаған.
Ал Наурыздағы тоғыз туралы деректерден нақты дерек жоқ. Тарихшы Әлімхан Мақұлбаев бұл 9-ды Ұлыс күнімен байланысын әріден тарқатады.
"Моңғол халықтары қыстың аязды күндерін "тоғыз тоғыз" атаған. Әр тоғызды үш үштен топтап, жетінші тоғызда дөңестің төбесі қараяды, сегізінші тоғызда былқ-шылқ болады, тоғызыншы тоғызда қыстың ызғары қайтып көктем лебі еседі деп санаған. "Тоғызыншы тоғыз 12-13 наурызда аяқталады" деп жазған. Меніңше, 9 дегеніміздің төбесі тура осы жерде қылтиятын секілді. Жаңа айдың бастауы – қазіргі жыл есептеуі бойынша 14 наурызға сәйкес келсе, осыдан кейінгі тоғызыншы күні күн мен түн теңеліп, Жаңа жыл кіреді", - дейді.
"Амал" - мереке емес
Кейінгі жылдарда 14 наурыз – Көрісу күні, "Амал мерекесі" деп атап өту үрдіске ене бастады. Мереке ішіндегі мереке қайдан шықты? Осы сұрақты тараздық әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, этнограф, PhD докторы Айнұр Бейсеғұловаға қойдық.
"Григориян күнтізбесі бойынша жыл басы Наурыз, еліміздің табиғат ерекшеліктеріне көктемнің шығуына байланысты тойланып отырған. Қыстан аман-есен шыққан ел-жұрт "мал-жан аман ба?" — деп бір-бірімен қауышқан, көшпенді халықтар көктеуге көшкенде аман-есен қоныстанған соң бір-бірімен көрісіп амандасқан. Бір-бірінің аманшылығын біліп төс қағыстырған. Онда үлкен мән жатыр. Бірақ көрісу бір ғана күнмен шектелмеген, бұл бастауы ғана. Бұл жылға созылуы мүмкін", деді.
Этнограф Көрісу күнін еліміздің батыс аймағында ғана атап өтеді деген түсініктің өзі қате екенін алға тартты. Оның айтуынша, жаңа жыл басталатын күнмен тұспа-тұс келетін "Көрісу" дәстүрі қазақ жерінің барлық өңірінде болған, тек атауы түрліше аталуы мүмкін екенін айтады.
Наурызнама ма, Наурыздама ма?
Қазақ наурыз айының 17-21 күндерi аралығында болатын жауынды-шашынды, суық, әрi лайсаң мезгiл бесқонақтан қатты сақтанып отырған. Соған сай амалдар жасаған. Амалдар негізінен наурыз айынан басталады.
Жалпы Наурызда жасалатын жоралғыларды кей деректерде Наурыздама, тағы бірінде Наурызнама деп жатады. Дұрысы – қайсысы? Ұлыс мерекесінде қандай жөн-жоралғылар жасалған?
"Дұрысы – Наурызнама. Ежелгі жазбаларда мысалы Бабырнамада Наурызнама деп жазылған. Қазір этнографтар ертедегі наурызда жасалатын "селк еткізер", "ұйқы ашар", "бел көтер" және тағы басқа ғұрыптар жойылып кеткенін айтып жүр. Ал осы күнге жеткені – Наурыз көже. Сүрленген етті салып, жеті түрлі дәннен жасап, ағайынның басын қосатын, бұл көженнің мәні зор, бұл бөлек әңгіме", - дейді этнограф.
"Наурыз көже" атауына ие болған ғұрыптық мәні бар ас пісіруді де, қазақ халқы өзінің дәстүрлі шаруашылығына сай бейімдеген. Алаш қайраткерлерінің жазбаларын негізге алсақ, қазақ халқы Наурыз көжеге бас салуға ерекше мән берген. Бірақ, арнайы мал соймаған, оны "пышақ қандамау" деген. Ал Наурыз көжеге деп қыста сойылған малдың басын сақтаған. Айнұр Бейсеғұлова мұның өзі – қазақ халқының бас, шеке тарту рәсімінің түпкі мәнінде мал басының бүтіндігін меңзеу жатқанын айтады.
Қазыналы қариялар наурыз – еңбек тойы, осы кезден бастап малдың төлдейтін кезеңімен егін егу науқаны басталатын уақыт екенін алға тартты. Сондықтан, әз Наурызды тек бір күн тойлап қана қоймай, жылдық азықты қамдайтын дала жұмыстарының бәрін бірге, бірлесіп атқарған. Ең бастысы бұған мерекелік жоралғылар ретінде үлкен мән берген. Бұл кезең адамгершілік, қамқоршылықтың белгісі, ағайындар жылу жинап, туыстарына қолдау білдірген, табиғат сияқты тепе-теңдікті ұстанған дейді.
Ардақ Сырымбет
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы