Қалада тұрып жатқан Мирас пен Оксана Қалиақперовтердің отасқандарына 11 жылдан асты. Интернационалды отбасының Бірлік күні, Наурыз мейрамы, басқа да мерекелерді қалай атап өтетіндері оқырманға қашан да қызық, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл отбасында қазақ та, татар да, орыс ұлты да бар. Барлығы тізе қосып, әр мейрамды өз деңгейінде атап өтеді. Жылдағы Масленица мерекесі кезінде дастархандарында дәмі тіл үйірер құймақтар молынан қойылады. Наурыз мейрамы қарсаңында жақындарымен бірлесе наурыз көже пісіріп, туысқандары мен жақындарына дәм ауыз тигізеді.
Ал Оксана мен жолдасы Мирастың алғаш танысқан кездері өзінше жарқын естелік. Мақала кейіпкерлері облыстық телеарнада жүріп танысты. Оксана ол кезде бейнемонтаждаушы болып істейтін, Мирас оператор лауазымына орнығу үшін іс-тәжірибеден өтуге барды. Бірде режиссер іс-тәжірибеден өтушіні монтаждау бөліміне жіберіп, Оксанаға кадрларды дұрыс алуға көмектесуге қолқа салды. Екеуі сол жерде алғаш танысып, содан бері жұптары жазылған емес. Мирас – қазақ, Оксана – жартылай татар, жартылай орыс. Кейіпкеріміздің сөзінше, бастапқыда әкесі той өткізуге қарсы болды. Дегенмен өмірлік серігін жақынырақ таныған соң батасын берді.
"Мирас ақжарқын мінезді, әрдайым күлімдеп, өзгеге қолынан келгенше көмектесіп жүреді. Тойымыз ойдағыдай өтті. Тек бір той жасадық. Қазақ, татар, орыс халқының салт-дәстүрлерін сақтадық. Той қыста өткендіктен аязға байланысты Ресей жақтан туыстарым келе алмай қалды", – деді Оксана.
Тойда беташар да болған. Шаңырақ құрғалы бері екі бала сүйді. Қыздары Самина және ұлдары Бахтияр. Отағасы жеке кәсіппен айналысады, Оксана облыс бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының меценаты. Мейрам сайын аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себетін алып қолұшын созса, Жеңіс күні қарсаңында татар мәдени орталығымен тізе қосып, соғыс ардагерлерін құттықтап қайтады. Аталған отбасы әр жылы татар, қазақ, орыс халықтарының мейрамдарын атап өтеді.
"Әсіресе, Наурыз, Құрбан айт, Сабантой, Масленица, Пасха мейрамдарын асыға күтеміз. Оның үстіне Ұлыстың ұлы күнінде енемнің туған күні. Үйде ет асып, наурыз көже мен бауырсақ пісіріп, қонақтарды қарсы аламын", – дейді жерлесіміз.
Бастапқыда кей адамдар түрлі ұлт өкілдері шаңырақ көтерсе, менталитеттердің әралуан болуынан тіл табысып кетулері қиындайды деп ойлапты. Ерлі-зайыптылардың сөздерінше, бұған менталитеттің қатысы жоқ. Ең бастысы сол, бірін-бірі сыйлап, құрметпен қараулары тиіс.
"Сәтті диалог құрып, өзара түсіністік танытса еш қиындық жоқ. "Сонда махаббат қайда?" деген сұрақ туындауы мүмкін. Бірге өткізген әр күніміз осының айғағы емес пе? Біз балаларымызды, ата-анамызды жақсы көреміз. Отбасылық құндылықтар мен дәстүрді сыйласақ, үйден бақ та, бақыт та кетпейді", – деді Қалиақперовтер.
Қысқасы, бүгінде үш ұлт жиналып, мол дастархан басында емен-жарқын әңгімелесіп, көңілді отырады. Мейрамдар қарсаңында ұлттық киімдер киіп, естелікке суретке түседі.
Ал қос құлыншағы Самина мен Бахтияр ата-ана үмітін арқалап, спортта жоғары нәтиже көрсетуде. Екеуі де қазақ және ағылшын тілдерін ыждахаттылықпен игеруде.
Асыл Бигелді
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!