Павлодар облысында онкологиялық ауруларға шалдыққандар саны әлі де азаймай тұр. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өңірге сапары барысында тұрғындар қандай ауруларға жиі шалдығатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қатерлі ісік бойынша бұл аймақ антилидерлер тізімінде алдыңғы орында. Десе де екі жыл бұрынғымен салыстырғанда былтыр қатерлі ісіктен көз жұмғандар саны азайған. Статистикаға сүйенсек, 2021 жылы Павлодар облысында окнологиялық аурулардан 825 науқас қайтыс болса, былтыр 753 адам бұл өмірден өткен. Аймақта онкологиялық аурулардың ішінде өкпе рагы бірінші орында. Екіншісі - әйелдерде кездесетін сүт безі обыры. Одан кейін ішек, асқазан секілді ішкі құрылыстың қатерлі ісіктері жиі кездеседі. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният науқастар дерті жанына батқанда ғана дәрігерге қаралатынын айтады.
"Бұл республикалық көрсеткіштерге қарағанда жоғары. Мәселе, бұл аурулардың алдын алу үшін ертерек анықтауда болып тұр. Скрининг немесе профилактикалық тексерістерді сапалы өткізу қажет. Онкологялық аурулардың 6 пайызы әртүрлі тексерулер кезінде анықталған. Қалғандары сырқаты сезіліп, жанына батқанда ғана барады. Бүгінгі таңда біздің мақсатымыз - ол ауруларды өте ерте кезінде анықтап, емдеу. Сол кезде науқас құлантаза жазылып кетеді. Әбден асқынғанда кеш болады", - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Павлодар облысында 20 мыңға жуық әйел сүт безі ісігіне шалдыққан. Министр бұл ретте дәрігерлердің салғырттығын да жоққа шығармайды. Оның айтуынша, қыз-келіншектер екі жылда бір рет тексерістен өткізіліп тұрса, мұндай көрсеткіш болмас еді.
Е. Базарқұл
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!